RU

Көкшетауда жатақхана өртенді: 40 адам эвакуацияланды

Өрт
Көрнекі сурет: pixabay.com

Көкшетауда бес қабатты жатақханадан өрт шығып, 40 адам эвакуацияланды, оның 25-і бала деп хабарлайды Хабар 24.

"23 қарашада кешке қарай Көкшетаудағы жатақхананың бірі өртенді. Өрт сөндірушілердің ширақ қимылының арқасында ешкім зардап шеккен жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Өртті сөндіруге ТЖД жеке құрамынан 27 қызметкері және 8 арнайы техника жұмылдырылды. Арада 20 минут өткен соң өрт толығымен сөндірілді", – деді Көкшетау қаласы ТЖ басқармасының бастығы Әсет Жақсылықов.

Анықталғандай, жатақхана бөлмесіндегі заттар мен жиһаз өртенген.

Еске салайық, Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер түсініксіз жағдайда күйік алған 23 жастағы жігіттің өліміне қатысты тергеуді бастады.

Оқиға 19 қараша күні СҚО-дағы Бескөл ауылында болған. Петропавлдың 23 жастағы тұрғыны төрт досымен жеке тұрғын үйлердің бірінде сауық құрған. Жолдастарының айтуынша, сол күні таңертең ол от жағатын үйге темекі шегуге шығады. Біраз уақыттан кейін ол жерден жанған күйі атып шыққан.

Достары оны сөндіріп алып, бірден жедел жәрдем қызметін шақырған. Ал от жағатын үйден еріткіш заты бар жанып жатқан канистрді тапқан. Зардап шеккен жігіт аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Ол сол күні кешке жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Сондай-ақ, елордадағы дәмханада орын алған газ баллоны жарылысына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886257-kksetauda-zatakhana-rtendi-40-adam-evakuacialandy/