RU

Министр жәрдемақы төлеу кезінде әділетсіздікке жол беріліп жатқанын айтты

42500
Көрнекі фото: Sputnik / Абзал Қалиев

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедек бала тәрбиеленіп жатқан отбасыға екі жәрдемақыны қатар алуға құқық беруді ұсынып отыр деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы туралы айтып берді.  

"Өкінішке қарай, біздің қолданыстағы заңнамамызда әлеуметтік тұрғыдан әділетсіз нормалар бар. Бірнеше мысал келтірейін. Бізде бірінші топтағы мүгедекті күтуге жәрдемақы қарастырылған. Алайда неге екені белгісіз, бұл жәрдемақы адам бала кезінен мүгедек болса ғана беріледі. Ал ересек кезінде мүгедек болып қалғандар не істейді? Бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасау жәрдемақысын барлығы алу үшін біз мұны түбегейлі өзгерткіміз келеді", - деді ол азаматтық форумда.

Нұрымбетов мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыға қатысты тағы бір мысал келтірді.   

"Отбасы асыраушысынан айырылған жағдайда мемлекет тарапынан балаларға жәрдемақы беріледі. Ал мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы бұдан құр қалады – мұндай кезде заң мүгедектік бойынша жәрдемақы алып отырсың дейді. Біз бұл әділетсіз деп санаймыз. Сол себепті осы заң жобасында бұл жағдайда мүгедектігі бойынша жәрдемақы мен  асыраушысынан айрылғандарға берілетін жәрдемақыны қатар алу жағын қарастырамыз", - деп сөзін толықтырды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Сонымен қатар, мүгедек деген ұғымды "мүгедектігі бар адамға" ауыстыру, мүгедектіктің 1-2 тобы анықталған жағдайда, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған және 18 жасқа дейін тұрғын үй алған отбасылардың баспана алу кезегін сақтау ұсынылып отыр.

Одан, заң жобасында 2023 жылдан бастап инватакси қызметін көрсету, 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларды жәрдемақы мөлшерін қайта қарастыра отырып, мүгедектік топтарына бөлу қарастырылмақ.

Еске сала кетсек, осыған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елде коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық ахуал ушығып, жаңа шектеу шаралары енгізілген жағдайда қазақстандықтар 42500 теңге ала ма деген сұраққа жауап берді.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/1886286-ministr-zrdemaky-tleu-kezinde-diletsizdikke-zol-berilip-zatkanyn-ajtty/