RU

Президент: Жаңа эпидемияға дайын болу керек

тәжвирус
Көрнекі фото: sputniknews.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының XX съезінде елдің жаңа пандемияға дайын болуы керегін мәлімдеді. Сондықтан, білім мен ғылымға, денсаулық сақтау мен спортқа жұмсалатын шығындарды арттыру жоспарлануда деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Екінші басымдық – дені сау ұлт қалыптастыру. Жаңа жаһандық сын - қатерлерді ескере отырып, білім беруге, ғылымға, денсаулық сақтауға, мәдениет пен спортқа арналған шығыстар ұлғайтылады - бұл еліміздің болашағына адами капиталға стратегиялық инвестициялар.

Денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің кемінде 5% - ын құрайды. Мүмкін болатын жаңа індеттерге дайын болу керек", - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда медицина азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жететіндей дамуы тиіс.

"Салауатты өмір салтын насихаттау мен бұқаралық спортты дамытудың маңызы зор. Балалар-жасөспірімдер клубтарын шағын және орта қалаларда ғана емес, барлық ауылдарда ашу қажет. Сондай-ақ, жаттықтырушы оқытушылардың жалақысын да өсірген жөн. Әрбір ауылдық округте спорт нұсқаушысы лауазымы енгізілсін", - деді Тоқаев.

Айта кетейік, мемлекет басшысы партия съезінде сөйлеген сөзінде өткен ғасырдағы терең рецессия әлемдік экономиканы ондаған жылға құлдыратқанын еске салды.

"Бұрынғы өсу қарқыны мен теңгерімді дамуды қалпына келтіру үшін үлкен күш пен уақыт қажет. Көптеген елдер қиын жағдайға тап болды. Қазақстанның беріктік қоры бар, ең алдымен, бізде нақты әзірленген даму жоспары бар, ол қаржы ресурстарымен нығайтылған», — деп атап өтті Қазақстан президенті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886397-tokaev-zaa-epidemiaga-dajyn-bolu-kerek/