RU

"ҚазМұнайГаз" топ-менеджерлерінің жалақысы қысқарды

"ҚазМұнайГаз"
Фото: "ҚазМұнайГаз"

"ҚазМұнайГаз" топ-менеджерлерінің жалақысы, бонустары мен сыйлықақысы қысқарды. Бұл туралы компанияның Қаржы және экономика жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қарабаевтың хабарлауынша, дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында 2020 жылы 147 млрд теңгенің капиталдық салымы мен операциялық шығындары қысқартылған. Сондай-ақ алдағы бес жылға 586 млрд теңгенің шығындары қысқарған.

"Біз бонустардан, сыйлықақылардан бас тартып, топ-менеджерлердің жалақысын қысқарттық. Орталық аппараттың штаты да 34 пайызға қысқарды. 2020 жылдың 9 айында жалпы және әкімшілік, сатуға кеткен шығындардағы жалақы шығындары 6,7% немесе 64 млрд теңгеден 59,7 млрд теңгеге дейін қысқарды. Бұл негізінен әкімшілік және басшылық қызметкерлер", - дейді Қарабаев.

Оның айтуынша, қысқару өңірлердегі кадрларға әсер еткен жоқ.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда қай кәсіпорындардың басшысы ең көп жалақы алатынын жазған едік.

Елде ең көп табыс табатындар - тұрғын үй бойынша орналастыру және тамақ қызметтерін ұсыну саласындағы кәсіпорындардың басшылары болып шыққан. Бұл саладағы орташа табыс 1,8 млн теңге шамасында.

Ал ең аз жалақы алатындардың қатарында мемлекеттік басқару, қорғаныс, әлеуметтік қамсыздандыру сияқты ең маңызды әлеуметтік салалардағы кәсіпорындардың басшылары, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының басшылары бар.

Сонымен қатар бұған дейін қазақстандық судьялардың ай сайын қанша жалақы алатынын хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886436-kazmnajgaz-top-menedzerlerini-zalakysy-men-syjakysy-kyskardy/