Коронавируспен күрес: Қазақстан Қырғызстанға гуманитарлық көмек жіберді
Опубликовано:

Қазақстан коронавируспен күресу үшін Қырғызстанға гуманитарлық көмек жіберді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл көмек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен және үкіметтің 13 қарашадағы № 763 қаулысына сәйкес беріліп отыр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2020 жылғы 23 қарашада Қырғыз Республикасына ауыр жүк көлігімен "Көкшетау-4П" өкпені жасанды желдету мобильді аппараттарының 400 данасын және Қазақстан кәсіпорындарда өндірілген 2 миллион медициналық бетперде жіберген.

Жіберілген гуманитарлық жүктің жалпы құны 390 миллион теңгеге жуық қаржыны құрайды.
"Оның ішінде "Тыныс" АҚ шығарған "Көкшетау-4П" өкпені жасанды желдету аппараттарының құны - 328 млн теңге. "Dolce pharm" ЖШС және "Mega pharm" ЖШС шығарған медициналық бетперде құны - 61 млн теңге", - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесіп, оның барасында екі елдің қырғыз халқына экономикалық және гуманитарлық көмек көрсететіні белгілі болған еді.
Кейін COVID-19-бен күресу үшін Қазақстан Қырғызстанға өкпені жасанды желдету мобильді аппараттарының 400 жиынтығы мен еліміздің кәсіпорындарында өндірілген 2 млн медициналық маска жеткізетіні хабарлаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886445-koronaviruspen-kres-kazakstan-kyrgyzstanga-gumanitarlyk-kmek-ziberdi/