RU

Атбасарда полицейлер зауыт директоры орынбасарының туған күнін тоқтатты (видео)

Туған күн
Көрнекі фото: pixabay.com

24 қарашада Атбасар қаласында көліктегі полицейлер карантин кезінде туған күн тойлағандардың үстінен түсті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ІІМ көліктегі полиция департаметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Осы жылдың 24 қарашасында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Нұр-Сұлтан станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Атбасар станциясындағы полиция қызметкерлерімен бірге карантин кезінде туған күн тойлағандарды тоқтатты", - деді көліктегі ПД басшысының бірінші орынбасары Қалижан Қобландин.

Тексеру нәтижесінде "Қамқор-Локомотив" ЖШС филиалының Атбасар электровоз зауытының аумағында орналасқан асханада бір топ адам АЭЖЗ директоры орынбасарының туған күнін атап өтіп жатқаны анықталды.

Туған күн кешіне 17 қонақ келген. Соның ішінде кәсіпорынның басшылығы да бар. Мереке барысында қонақтар ішімдік те ішкен.

Құқық қорғаушылар іс-шараны тоқтатқан.

"Қазіргі уақытта осы факт бойынша материал аталған адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне берілді", - дейді полиция полковнигі.

Оның айтуынша, карантин кезінде туған күн тойлауға рұқсат берген асхана иелері де жауапқа тартылады.

Еске сала кетсек, Павлодардағы бардың әкімшілігі мен күзетшілері полиция тексеруге келгенде айыппұл төлемеу үшін 40 адамды 4 сағат жасырып қойғанын жазған едік. Дегенмен олардың қулығы әшкерек болған.

Сондай-ақ елордада түнде ресторанда көңіл көтерген 70 адам үйіне қайтарылғанын хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886491-atbasardagy-ashanada-zauyt-direktory-orynbasaryny-tugan-knin-atap-tken-video/