RU

Полиция дәрі-дәрмектерді заңсыз тасымалдау контрабандасының жолын кесті

Дәрілік препараттардың контрабандасы
Фото: Polisia.kz

Түркістан облысының полицейлері дәрілік препараттарды заңсыз тасымалдау контрабандасының жолын кесті деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысында өткен брифинг кезінде полиция департаментінің өкілдері дәрі-дәрмектерді тасымалдау контрабандасына қатысты толығырақ мәлімет беріп өтті.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Сарыағаш ауданы трассаларының бірінде жүк көлігін тоқтатады. Жедел уәкілдер фургонды тексеру кезінде тиісті құжаттары жоқ 254 дәрі-дәрмек қорапшасын тауып, тәркіледі. Жүргізушінің айтуынша, ол Шымкент қаласының тұрғынымен келісіп, Сарыағаш ауданынан Түркістан қаласына белгіленген ақыға жүк жеткізбек болған.
Алынған дәрі-дәрмектердің ішінде: бисокодил, бисептол, кетонал, глицин, вольтарен, попадол және басқалары да болды. Сондай-ақ, аталған жүк Өзбекстан азаматына тиесілі екендігі және Ресейден көрші республикаға контрабандалық жолмен тасымалданғаны анықталды. Дәрі-дәрмектердің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Контрабандалық жүктің жалпы құны шамамен 34 миллион теңгені құрады. Қазіргі уақытта аталған жайт Сарыағаш АПБ-да тіркелгенә , – деп атап өтті Құрманбек Сахов.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері заңсыз контрабанда және дәрі-дәрмектерді тиісті құжаттарсыз сатқаны үшін құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін еске салады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886496-policia-dri-drmekterdi-zasyz-tasymaldau-kontrabandasyny-zolyn-kesti/