RU

ШҚО-да кәсіпкер әйел мемлекетке 852,5 млн теңге салық төлемеген

Жалған шот-фактура
Видеодан кадр: ҚР ҚМ ҚМК

ШҚО экономикалық тергеу департаменті іс жүзінде жұмыс жасамай, қызметтер көрсетпей және тауарларды жөнелтпей, жалған шот-фактураларды беру фактісін тоқтатты. Өскемен қаласының тұрғыны заңсыз қолма-қол ақшаны жасағаны үшін сотталды. Бұл туралы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өңірдегі ЭТД жедел-профилактикалық шара барысында екінші деңгейлі банктерден ақша қаражаттарын жүйелі түрде алу фактісі анықталды. Банктердің бірінде 14,9 миллион теңге көлеміндегі ақша қаражатын қолма-қолға айналдыру барысында жалған кәсіпорын басшысы ұсталды.

Тергеу барысында Өскемен тұрғыны 2015-2019 жылдар аралығында жалған 4 кәсіпорынды туыстары мен таныстарына тіркей отырып, жалған бухгалтерлік құжаттарды жазып берумен айналысқаны анықталды. Бұл кәсіпорындарда мүлік, өндірістік техникалық база және қызметкерлер штаты болмаған.

Жалған фирма басшыларының қаржы шаруашылық мәселесімен айналыспағаны, бухгалтерлік есеп жүргізбегені және салық есебін тапсырмағаны анықталды.

ҚМК хабарлауынша, іс жүзінде фирмалар қылмыстық іс-әрекетті жүзеге асыру үшін, контрагенттерге салықтан жалтару үшін жалған есепшот жазып берумен айналысқан.

Нәтижесінде мемлекетке 852,5 млн теңге салық төленбеген. Ал осы заңсыз істі ұйымдастырушы сот алдына жауап беріп, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған.

Еске сала кетсек, Шымкентте жалпы сомасы 600 миллион теңгеден асатын жалған шот-фактура жасап бергені үшін сыйақы алып жатқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталған еді.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/1886558-sko-da-ksipker-jel-memleketke-8525-mln-tege-salyk-tlemegen/