Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ағылшын саяхатшысын таңғалдырған жер": Депутат Қапал ауылының жағдайына алаңдады

Опубликовано:

Фото
Фото: Парламент сенатының баспасөз қызметі

Парламент сенатының депутаттары Алматы облысында орналасқан Қапал ауылының қазіргі жағдайына алаңдап, оны үкіметтің қорғауындағы нысандар қатарына қосуды ұсынды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сенатор Бақытжан Жұмағұловтың сөзінше, 1847 жылы бекініс ретінде, Ресей империясының мүддесіне сай бой көтерген елді мекеннің тарихын тану, оны ХІХ ғасырдағы сәулет өнерінің мәдени  ескерткіші ретінде ұрпақтан ұрпаққа қалдырудың рухани мәні зор.

"Бұл өлке сонау Түркі дәуірінен, Қимақ мемлекеті тұсынан бері танымал, белгілі тарихи жер. Қапал – ұлтымыздың ұлы тұлғасы Шоқан Уәлихановтың, Петр Семенов-Тяньшанскийдің ізі қалған жер. Қапал – ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсонды таңғалдырған жер. Қапал – жоңғар шапқыншыларымен шайқаста ту көтерген Қапал батыр жатқан жер", - деді ол үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында. 

Жұмағұлов бұл туралы Шоқан Уәлихановтың "Жоңғария очерктерінде" жазылғанын атап өтті.

Сенатор жуырда Қапал, Ақсу елді мекендерінде болып қайтқанын да жеткізді. Тұрғындармен кездесу барысында олар Қапалдың жағдайын үкіметке жеткізуді өтініпті.

Халық қалаулсының айтуынша, сан ғасырлық тарихы бар Қапал ауылының бүгінгі жағдайы кімді болса да алаңдатпай қоймайды.

"XIX ғасырдың ескерткіші болып саналатын қос қабатты үйлердің бет жағы ғана аман қалған. Ескі екі мешіт үйі де қараусыз қалып, құлаған. Көп үйлердің ағаштарын жергілікті тұрғындар бұзып алып, қора-қопсы салып алғаны да жасырын емес. Ауылдың рухани орталығы болған Қапалдағы ақын Сара мен Фатима Ғабитованың музей үйлерінің де ізі жоқ. Ондағы құнды экспонаттар да жоғалған", - дейді Бақытжан Жұмағұлов.

Осыған байланысты сенат депутаттары сәулетшілер, тарихшылар, әдебиетшілер, этнографтардан тұратын арнайы комиссия құрып, Қапал ауылының мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау үшін тиісті шаралар қабылдауды, оларды үкіметтің қорғауындағы объектілер қатарына қосуды ұсынды.

Еске сала кетсек, парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ирина Смирнова қашықтан оқыту форматының тиімділігіне күдік келтіріп, премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдаған еді.

Сонымен қатар мәжіліс депутаттары премьер-министр Асқар Маминге Қазақстандағы зейнет жасын төмендету туралы өтінішін жеткізген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886634-agylsyn-saahatsysyn-tagaldyrgan-zer-deputat-kapal-auylyny-zagdajyna-aladady/

pixel