RU

Семейде тексерушілер тойды тоқтату үшін есік алдында екі сағат күтіп тұрған (видео)

Дастархан
Көрнекі сурет: pixabay.com

Семейдегі мобильді топ жаппай іс-шараларға тыйым салынғанына қарамастан, той өткізіп жатқан мейрамхананы анықтады. Тексерушілер ғимаратқа кіру үшін суықта екі сағаттан көп уақыт күтуге мәжбүр болған. Бұл туралы ШҚО ақпарат орталығы хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бүгінде мейрамхана мен кафе иелері түрлі қулыққа баруда. Мысалы есікті іштен жауып қояды, автокөліктерді ғимараттан алыс жерге тұраққа қоюға кеңес береді.

Соған қарамастан тексерушілер заңбұзушылықтарды анықтап жатыр. Мәселен жақында "Toi like" мейрамханасында той ұйымдастырғандар белгілі болған.

"Бізге ұзақ уақыт есік ашқан жоқ. Көшеде екі сағаттан аса уақыт тұрдық. Тойға 100-ден аса адам келген. Ал қызметкерлермен бірге есептегенде адам саны 120-дан асқан", - дейді "Семей-адалдық алаңы" жоба кеңсесінің басшысы Дариға Дайрова.

Ол шектеу шараларына қарамастан азаматтар отбасылық кештер ұйымдастыруды жалғастырып жатқанын айтты. Алайда, мұндай әрекеттерге қазіргі жағдайда жол беруге болмайды.

Айт кетейік, осыған ұқсас жағдайлар еліміздің әр өңірінде күнделікті тіркеліп жатыр. Мәселен Шымкент қаласы Тәуке хан даңғылы бойында орналасқан "777 (7 бочек)" мейрамханасында қыз ұзату тойы өткен.

Салтанатты шараға шақырылмай кіріп барған тәртіп сақшылары жиында 100-ге жуық адамның болғанын анықтаған.

Полицейлер карантин талаптарын бұзған азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша хаттама толтырған. Жинақталған іс-құжаттар санитариялық-эпедемиологиялық бақылау басқармасына жолданған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886635-semejde-tekserusiler-tojdy-toktatu-sin-esik-aldynda-eki-sagat-ktip-trgan-video/