RU

Ақмола облысында карантин тағы да күшейтілді

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Ақмола облысының бас санитар дәрігерінің облыс аумағында карантиндік шектеу шараларын күшейту туралы кезекті қаулысы шықты. Тиісті құжат 28 қараша сағат 00.00-ден бастап күшіне енеді деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Қаулы мәтінінде санитарлық блок-бекеттерден Ақмола облысында тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлғалар ПТР тесттің теріс нәтижесі бар анықтама болмаса өткізілмейтіні айтылған.

Сонымен қатар Көкшетау қаласы (Красный Яр ауылы, Чайкино, Станционный кенттерінің), Степногорск шаһары аумағы бойынша жүріп-тұру сағат 21:00-ден сағат 06:00-ге дейін шектеледі.

Көкшетау, Степногорск қалаларын қоспағанда, облыс тұрғындарының бір ауданнан қалаға, қаладан екінші ауданға кедергісіз жүріп-тұруына рұқсат берілетіні белгілі болды.

Тиісті құжаттарды көрсеткен жағдайда, санитарлық бекеттерден мына азаматтарға кедергісіз кіруге және шығуға рұқсат беріледі:  

  • медициналық көрсеткіштер бойынша кіретін және шығатын адамдар;
  • транзиттік жолаушылар мен жүк тасымалдаушылары;
  • вахта қызметкерлерін тасымалдайтын көліктер;
  • вирустың таралуының алдын алу шараларына тартылған көліктер мен адамдар, ұйымдар;
  • тіршілікті қамтамасыз ететін кәсіпорындар, көліктер мен адамдар, ұйымдар;
  • Stopcorona.kz сайтында тіркелген, ПТР анықтамасы бар, Ақмола облысында тұрмайтын тамақ өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көліктері мен қызметкерлері;
  • құқық белгілейтін құжаттарды ұсынған жағдайда, қала сыртындағы үйлеріне баратын облыс тұрғындары;

Құжатқа сәйкес, Көкшетау қаласындағы азық-түлік дүкендері, шағын маркеттер, супермаркеттер, гипермаркеттер жұмыс режимі сағат 07:00-ден 20:30-ға дейін, Ақмола облысының басқа елді мекендерінде сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін шектеледі.

Көкшетау, Степногорск қалалары бойынша такси қызметін көрсету сағат 21:00-ден 06.00-ге дейін шектеледі.

Келушілердің санын 30%-дан асырмай және бір келушіге кемінде 4 ш.м. сақталған, алаңы 500 ш.м-ден. артық азық-түлік емес дүкендердің (жеке тұрған) қызметі жұмыс күндері сағат 09.00-ден 20.30-ға дейін шектеледі.

Ақмола облысының қалған елді мекендерінде құрылыс материалдары мен қосалқы бөлшектерді (жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін және келушілердің санын 30%-дан асырмай және бір келушіге кемінде 4 ш.м. сақталған) сататын дүкендерді, оның ішіндегі азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларын қоспағанда, жексенбі және мереке күндері қызметі тоқтатылады.

Қоғамдық көліктер жұмыс күндері 07-00-ден 20-30-ге дейін, сенбі күндері 07-00-ден 10-00-ге дейін және 17-00-ден 20-30-ға дейін жүреді.

Ал демалыс күндері мен мереке күндері қоғамдық көліктердің қозғалысы тоқтатылады.

Бұқаралық, отбасылық шараларға, оның ішінде үйде өткізуге сол күйі тыйым салынған.

Жасы 65-тен аспаған адамдарға үйден шықпауға кеңес берілді.

Қаулының толық нұсқасы сілтемеде.

Еске сала кетсек, осыған дейін Ақмола облысы коронавирус жұқтырғандардың артуына байланысты "қызыл" аймаққа кірген еді.

Өткен тәулікте Қазақстанда 820 адамнан коронавирус анықталды. Соның 75-і Ақмола облысында тіркелді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886710-akmola-oblysynda-karantin-tagy-da-ksejtildi/