RU

Ақтауда көшелерді жаңажылдық безендіруге бюджеттен қаржы бөлінбейді

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Жаңа жыл алдында Каспий жағасындағы қала көшелерін безендіруге бюджеттен биыл ақша қарастырылған жоқ деп хабарлайды Хабар 24.

Шаһар билігі мұның орнына әлеуметтік салалар бойынша қажеттіліктерді қаржыландыруды көздеп отыр. Жалпы осы мақсатқа қазынадан жыл сайын 30 млн-ға жуық теңге бөлініп келген еді. Былтыр 21 млн теңге қаралды. Бұл жолы бұған дейін сатып алынған шыршалар "Ынтымақ" пен "Астана" алаңдары және Ақтауға қарайтын жалғыз елді мекен Өмірзақ ауылына қойылады.

Айта кетейік, биылғы мереке қарсаңында қоғамдық орындарды безендіруге жеке кәсіпкерлер ниет танытып жатыр. Меценат ұсынысы 4-ші шағын аудандағы саяжолға да қатысты болған.

"Бүгін эскиздік жобасын алып келді. Онымен біз келісіп, бекітіп бергеннен кейін жұмыстарын бастайтын болады. Аллеяға өз қаражаты есебінен жаңажылдық безендіру жасап беретін болды. Биыл да үш жерге шырша қойылып, безендірілетін болады. Пандемияда дәрі-дәрмек жетпеді. Маскалар жетіспеді. Сол сияқты осы жылы басқа да салаларға, халыққа тиімді салалар бойынша бөлінетін болады",- деді қалалық "Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы" ММ басшысының міндетін атқарушы Алпысбай Таубаев.

Айта кетейік, коронавирус пандемиясына байланысты қазақстандық компаниялар ұжымдық кеш өткізуден бас тартты. Олар мерекені жақындарымен қарсы алмақ. Ереже бойынша банкеттерге тек 50 адам қатыса алатын болғандықтан, ірі компаниялар да ауқымды кеш өткізбейтін болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886732-aktauda-kselerdi-zaazyldyk-bezendiruge-budzetten-karzy-blinbejdi/