RU

Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасымен әңгімелесті

Тоқаев пен Мясникович
Фото: Ақорда

Бейне конференция форматында өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Михаил Мясникович Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі ахуалын және оны одан ары дамыту перспективаларын  талқылады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Тараптар 11 желтоқсан күні мемлекеттер басшыларының қатысуымен онлайн-форматта өтетін Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында қаралатын мәселелер, сондай-ақ, 2021 жылы Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалығы жайында пікір алмасты.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Михаил Мясникович Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысындағы жекелеген мәселелер жөнінде ой бөлісіп, ұйымның интеграциялық процесстердегі рөліне тоқталды.

Айта кетейік, осыған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовты қабылдады.

Кездесу барысында президентке Павлодар облысындағы биылғы жылдың 10 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы жайында баяндалған. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика байқалады. Облыс әкімінің айтуынша, "Жұмыспен қамту" Жол картасы шеңберінде 227 жоба іске асқан.

Бүгінде оның 77 пайызы толық аяқталған. Қалған 23 пайызын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Әбілқайыр Сқақов өңірдегі денсаулық сақтау саласы бойынша жүзеге асырылған жұмыстар жайында да айтқан. Оның ішінде, коронавирус пандемиясын ауыздықтауға қатысты қабылдаған шараларды атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886736-tokaev-eurazialyk-ekonomikalyk-komissia-alkasyny-tragasymen-gimelesti/