RU

Түркістан облысында моншадан екі әйелдің денесі табылды

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Түркістан облысында туысының үйіне қонаққа келген апалы-сіңлілі екі әйел моншадағы улы газға тұншығып өлген деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, оқыс оқиға Ленгер қаласында орын алған.

Моншасы бар туысының үйіне қонаққа келген 49 және 47 жастағы әйелдер суға түспек болыпты. Жуыну орнына кірген екеуі ұзақ уақыт шықпай қойған.

Артынан іздеп кіргендер олардың ес-түссіз сұлық жатқанын көреді. Алайда бірден көмектесу мүмкін болмапты. Апалы-сіңлілі әйелдер сол жерде жантәсілім еткен.

Олардың улануына моншаға қойылған газ бағанасы себеп болған. Алдын ала ақпарат бойынша, түтін шығатын мұржа сыртқа қарай тартылмаған. Сол себепті улы газ моншаға толып кеткен.

Қайғылы жағдайға қатысты пікір білдірген Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бақытжан Зафаров өңір тұрғындарын сақтық шараларын сақтауға шақырып, оның аса маңызды екенін сөз етті.

"Біз көбінесе жылыту қондырғыларын, үйді жылыту жүйесіне мән береміз де, ал монша, ваннадағы қондырғыларға мән бермейміз. Қазір статистикаға қарасаңыз, екі жағдайда – ваннада, моншада уланып жатыр. Осыған мән берсе дейміз", - деді Бақытжан Зафаров.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Еске сала кетейік, Хромтауда өткен демалыс күндері газ баллоны жарылған болатын. Нәтижесінде 9 адам ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендердің арасында 6 және 7 жастағы екі бала және жаңа туған нәресте бар.

Сонымен қатар, 8 қараша күні кешкісін Алматының тау бөктерінде өрт шығып, оны сөндіруге отыздан астам маман жұмылдырыды. Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, өрт сөндірушілер Медеу ауданының "Бұлақ" саяжай серіктестігі маңына жеткен. Олар тілсіз жауды түнгі 21:00 шамасында ауыздықтай алды.

Одан бөлек, жақында Таразда өрт сөндіру кезінде жекеменшік үйлердің бірінен үш адамның денесі табылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді. Құтқарушылардың дерегіне сүйенсек, қаза тапқандар 84, 60 және 40 жастағы тұрғындар екен. Алдын ала болжам бойынша зейнеткер мен баласы өрт кезінде ауаға бөлінген газға уланып қалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886771-trkistan-oblysynda-monsadan-eki-jeldi-denesi-tabyldy/