RU

Қоқиқаздар видеосынан кейін Қаракөлді дронмен түсіруге тыйым салынды (видео)

Қоқиқаз
Скриншот: Лада

Қызғылт қоқиқаздар түсірілген әсерлі видео жарияланғаннан кейін Қаракөл көлінің үстін дрондармен видеоға түсіруге тыйым салынды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторы Талғат Аленов айтты деп хабарлайды Lada.kz.

Оның айтуынша, соңғы кездері табиғат аясында Қаракие-Қаракөл қорығында түсірілген фото және видео материалдар көптеп жариялануда. Атап айтқанда, Қаракөл көлінде әртүрлі құстар, оның ішінде миграциялық қоқиқаздар байқала бастаған күндері көлге қызығушылық арта түседі.

Талғат Аленов "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" заңға сәйкес жануарлар әлемінің жай-күйіне және тіршілік ету ортасына әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін әрекеттер барлық негізгі талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.

Итбалықтардың, жабайы тұяқтылардың және отаршыл құстардың мекендейтін аймағында бір шақырымнан төмен ұшуға тыйым салынады.

"Шаруа қожалықтарымен байланысты емес адамдардың әрекеті талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, сондай-ақ уәкілетті органның келісімінсіз жасалған болса және олардың әрекеті жан-жануарлардың тіршілік ету ортасына, көбею жағдайларына, көші-қон жолдарына және шоғырлану орындарына әсер етуі мүмкін болса, бұл әрекеттер бұзушылық болып табылады", - дейді инспектор.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық, содан кейін шетелдік БАҚ Ақтау тұрғынының Қаракөл көлінде түсірген таңғажайып әдемі бейнежазбасына назар аударған болатын.

Азамат Сәрсенбаев видеоны Facebook парақшасында жариялайды. Кейінірек ол бұл жайтқа қатысты инспекцияға шақырылғанын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886782-kokikazdardy-videosynan-kejin-karakldi-dronmen-tsiruge-tyjym-salyndy-video/