RU

Көкшетау мен Степногорск қалаларына кіріп-шығуға тыйым салынады

Блок-бекет
Фото: Хабар 24

Көкшетау мен Степногорск қалаларына кіріп-шығуға тыйым салынады. Бұл туралы аймақтың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді деп хабарлайды Хабар 24.

Жаңа қаулыда 28 қарашадан бастап аталған шаһарлардағы санитарлық бекеттерде карантин талаптары күшейтілетіні айтылған. Өйткені вирус өршіп барады. Мәселен, өткен аптада өңірде 257 жағдай тіркелсе, осы аптада 500-ге жуық адам қауіпті індетке шалдыққан.

Ал олардың көбі Көкшетау және Степногорск қалаларынан дейді мамандар. Аталған елді мекендерге тұрғындар жұмыс орнынан анықтама, іссапар қағазы немесе емхананың жолдамасы секілді құжаттармен ғана кіріп-шыға алады.

"Егер Көкшетау және Степнгорск қалаларына өте тығыз жағдаймен кіріп-шығу қажет болса, ол адамнан мерзімі 3 күннен аспаған ПТР анықтамасы талап етіледі. Ал ұшақпен және пойызбен аталған тест нәтижесінсіз-ақ келіп-кете беруге болады. Ондағы шектеулер республикалық комиссияның шешімімен реттеледі. Ал қозғалысты түбегейлі тоқтату, яғни блок-бекеттер қою тек төтенше жағдай режимінде жасалатын іс-шара",- деді облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.

Айта кетйік, Алматы қаласында коронавирус инфекциясы өсу қарқынының эпидемиологиялық жағдайды қиындап барады. Бұл туралы бүгін қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

"Алматыда коронавирус ауруының өсуі қазан айында басталды. Бұл айда 366 науқас тіркелген болатын, бұл қыркүйек айымен салыстырғанда 2,2 есе жоғары (165 жағдай). Ал қыркүйекпен салыстырғанда қарашада ауру 7 есеге өсті", - деді бас санитар дәрігер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886881-kksetau-men-stepnogorsk-kalalaryna-kirip-syguga-tyjym-salynady/