RU

Бекшин Алматыда оқушылардың коронавирусты қалай жұқтырып жатқанын айтты

Қаламмен жазып жатыр
Көрнекі фото: Pexels.com

Алматыда қыркүйектен бастап 115 оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырған. Бұл жайында қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бекшиннің айтуынша, онлайн режимде оқитын оқушылар инфекцияны кеңседе жұмыс істейтін және көпшілік жерге баратын отбасы мүшелерінен жұқтырған.

"Онлайн форматта оқып жатқан балалардың коронавирус жұқтырып жатқаны анықталуда. Оған сабақтан тыс уақытта компьютерлік клуб немесе басқа да жабық ғимарат ішінде жүруі себеп болып отыр", - деді Бекшин.

Айтуынша, кейінгі екі аптада қалада санитарлық талапқа сай келмейтін 11 компьютерлік клуб жабылған.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Алматыда қыркүйектен бастап 115 бала инфекция жұқтырған, оның ішінде 109  бала онлайн режимде оқыған, 6 бала дәстүрлі форматта білім алған. Инфекция жұқтырған бала оқыған сыныптар 14 күндік карантинге жіберілді, ал мектептер жұмыс істеп тұр.

Брифинг барысында Жандарбек Бекшин қаладағы мектептердің не себепті толық ашылмай отырғанын түсіндірді.

"Сыныпта бір бала ауырса, сол сыныптағы барлық бала ауырып қалады. Кезекші сыныптар толығымен ашылса, сыныптар емес, бүкіл мектепті жабуға тура келеді. Балалардың денсаулығы қымбат", - деп жауап берді қаланың бас санитар дәрігері.

Айта кетейік, Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың өсуі қазан айында басталды.

"Қазанда айда 366 адам инфекция жұқтырды. Бұл қыркүйекпен салыстырғанда 2,2 есеп көп. Қарашада 1 122 адамның инфекция жұқтырғаны тіркелді. Қыркүйекпен бастап көрсеткіш 7 есеге өсті", - деді Жандарбек Бекшин.

Айтуынша, тұрғындар қоғамдық орындарында (түнгі клуб пен сауда және ойын-сауық орталықтарында) (33,7%), үйде (28,7%), қоғамдық көлікте (18,5%), жұмыста (13,1%) жұқтырады.

Сондай-ақ, шет елден келген азаматтардан да (3,5%) анықталып отыр.

Айта кетейік, Алматыда коронавирустың өсу қарқынының эпидемиологиялық жағдайды қиындап барады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886901-beksin-almatyda-okusylardy-koronavirusty-kalaj-zktyryp-zatkanyn-ajtty/