RU

Елімізде қанша облыс коронавирустың "қызыл" аймағында тұр

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой республикада вирус жұқтырғандар саны 3,7 есеге өскенін жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл туралы Алексей Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Оның сөзінше, қатаң шектеу шаралары енгізіліп жатқан "қызыл" аймақта 5 өңір қалып отыр.

Олар:

  • Шығыс Қазақстан облысы,
  • Солтүстік Қазақстан облысы,
  • Павлодар облысы,
  • Қостанай облысы,
  • Ақмола облысы.

Денсаулық сақтау министрі өткен аптамен салыстырғанда үш өңір – Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстары "сары" аймақтан "қызылға" өткенін тілге тиек етті.

Оның сөзінше, "сары" аймақта – Алматы қаласы, ал қалған өңірлер "жасылда" тұр.

Сонымен қатар, Алексей Цой қараша айында қазанмен салыстырғанда еліміз бойынша вирус жұқтыру 3,7 есеге өскенін жеткізді. Бұл "қызыл" аймаққа енген 5 облыстағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауымен байланысты, дейді ол.

Министрдің сөзінше, карантиндік шараларды қатаңдатқанның арқасында Шығыс Қазақстан облысында қарашаның екінші онкүндігінен бастап инфекция жұқтыру деңгейі төмендеп келеді.

Ал осыған дейін денсаулық сақтау министрі елде желтоқсан - қаңтар айында карантин күшейтілуі мүмкін екенін айтқан еді.

"Қазіргі сценарийге қарап отырып, желтоқсан-қаңтар айында карантин шараларын күшейту мүмкіндігін көріп отырмыз. Барлығы жағдайды қалай басқаратынымызға байланысты болмақ. Қазіргі уақытта ауру өршіген өңірлерде қайта бәсеңдеу байқалады. Мәселен, ШҚО қазір қалыпқа келтіру, тіпті, төмендеу сатысына шықты. Жағдайды бақылауда ұстаймыз, дегенмен өсу бар. Бастысы, басқара алсақ болды. Қазір уайымдаудың қажеті жоқ, бәрі бақылауда",- деді министр.

Еске сала кетсек, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 813 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 129 213-ке жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886921-elimizde-kansa-oblys-koronavirusty-kyzyl-ajmagynda-tr/