RU

Цой бір жарым ай бойы журналистер алдына неге шықпағанын түсіндірді

Фото
Көрнекі фото: pixabay.com

Еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой неге ұзақ уақыт брифингтерде көрінбегенін айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілі Алексей Цойдан неліктен 13 қазаннан бастап брифингке шықпағанын сұрады.

"Брифингтер біз үшін де өте маңызды. Бізге көптеген өткір проблеманы шешу керек болды. Өңірлерге сапармен шықтық, ауру ошақтарына бардық. Ауруханаларды аралап, әріптестермен кездестік, әр облыста тиісті іс-шараларды қалай жүргізу керектігін түсіндірдік", - деп жауап берді Цой.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі елде вирус жұқтыру деңгейі өткен аймен салыстырғанда 3,7 есеге өскенін мәлімдеді.

Cонымен қатар, Алексей Цой елде желтоқсан - қаңтар айында карантин күшейтілуі мүмкін екенін айтқан еді.

"Қазіргі сценарийге қарап отырып, желтоқсан-қаңтар айында карантин шараларын күшейту мүмкіндігін көріп отырмыз. Барлығы жағдайды қалай басқаратынымызға байланысты болмақ. Қазіргі уақытта ауру өршіген өңірлерде қайта бәсеңдеу байқалады. Мәселен, ШҚО қазір қалыпқа келтіру, тіпті, төмендеу сатысына шықты. Жағдайды бақылауда ұстаймыз, дегенмен өсу бар. Бастысы, басқара алсақ болды. Қазір уайымдаудың қажеті жоқ, бәрі бақылауда",- деді министр.

Еске сала кетсек, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 813 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 129 213-ке жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886929-coj-bir-zarym-aj-bojy-zurnalister-aldyna-nege-sykpaganyn-tsindirdi/