RU

Елімізде қыркүйектен бері 165 мектеп карантинге жабылған

Мектеп
Көрнекі фото: zakon.kz

Оқу жылы басталғалы бері республикада 165 мектеп карантинге жабылды. Бұл туралы ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бірінші қыркүйектен бері 165 мектеп жабылды. Қазіргі таңда 66 мектеп карантинде. Мектепті карантинге жабудың ең аз инкубациялық кезеңі 14 күнді құрайды. Яғни, білім ошағы кемінде 14 күнге карантинге жабылады. Егер бір сыныпта бірнеше оқушы вирус жұқтырса, онда инкубациялық кезең соңғы тіркелген жағдайдан бастап саналады", - деді Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой оқу жылы басталғалы бері 1741 оқушы коронавирус жұқтырғанын мәлімдеген. Соңғы аптада 12 өңірде кезекші сыныптарға барып жүрген 129 бала індетке шалдыққан.

Айта кетейік, Алексей Цой алдағы демалыс және мереке күндері азаматтарды карантин талаптарын сақтауға шақырды.

Ол Қазақстандағы эпидемологиялық жағдайдың қалай болатыны әрбір азаматқа байланысты екенін ескертіп, еліміздің әрбір тұрғынынан маска тағып тағып, арақашықтықты сақтауды өтінді.

"Ұзақ демалыс, жаңа жылдық мейрамдар жақындап келе жатқанын ескеріп, сіздерді вирустың алдын алу шараларын сақтауға шақырамын", - деді ол.

Еске сала кетсек, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 813 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 129 213-ке жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886930-elimizde-kyrkjekten-beri-165-mektep-karantinge-zabylgan/