RU

Алексей Цой дәрігерлердің Біртановты қолдап жазған хатына пікір білдірді

Елжан Біртанов
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой экс-министр Елжан Біртановты қолдаған дәрігерлердің хатына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Біздің әріптестер, ең біріншіден, тілектестік, екіншіден, кінәсіздік презумциясы қағидатына сүйенді. Сол себепті осы хатты жазды. Одан кейінгі жағдайға құқыққорғау органдары баға береді. Істің анық-қанығына көз жеткізіледі", - деді Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Естеріңізге сала кетейік, қазан айының соңында денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановтың ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат пайда болған еді.

Кейін Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг жөніндегі комитеті экс-министрдің қамауға алынғанын растады. Оның бюджеттік қаражатты аса ірі көлемде жымқырды деген күдікке ілінгені белгілі болды.

Жақында белгілі қазақстандық дәрігерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері әлеуметтік желілерде Елжан Біртановты қолдау акциясын бастап кеткен болатын. Олар экс-министрдің кінәлі екеніне сенбейтіндерін алға тартып, ойларын ортаға салған.

Кейінірек, Біртановтың адвокаты Дмитрий Куряченко оның үй қамаққа алынғанын айтты.

Сонымен қатар адвокат Дмитрий Куряченко экс-министрдің қазақстандықтарға қолдау білдіргені үшін алғыс айтқанын мәлімдеген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886932-aleksej-coj-drigerlerdi-birtanovty-koldap-zazgan-hatyna-pikir-bildirdi/