RU

33 адам қамауда: Қаржы пирамидасына миллиардтар құйған 17 мың қазақстандық сан соғып қалды

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Елімізде салымшыларын тақырға отырғызған "Гарант 24 Ломбард", "Estate Ломбард", "Выгодный займ" басшыларына қатысты тергеу жұмыстары аяқталды. Қылмыстық істе 56 күдікті бар. Оның алтауына халықаралық іздеу салынған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Тергеу барысында 17 мыңнан аса адам жәбірленуші деп танылған. Оның 3 мыңнан астамы - ақтөбелік. Жәбірленушілердің қаржы пирамидасына 30 миллиард теңгеден астам ақша салғаны белгілі болды. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Жанболат Абдраемов Ақтөбеге арнайы келіп, хабарлады.

Полиция подполковнигінің айтуынша, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың бәрі де Ақтөбе облысының тұрғындары. Сол себепті сот отырысы да Ақтөбе қаласында өтеді.

"Тергеу барысында 56 күдікті анықталды. Оның алтауы халықаралық іздеуде жүр. Қалған 50 адамның 33-і уақытша ұстау изоляторында отыр. Бесеуі үйқамақта, қалған 12 күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді. Тергеу барысында бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдіктілердің қылмыстық жолмен сатып алған мүлкі анықталып, бәріне тыйым салынды", - деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Жанболат Абдраемов.

Қазіргі уақытта күдіктілер мен жәбірленушілерді қылмыстық іспен таныстыру процесі жүріп жатыр. Одан кейін іс сотқа жолданады.

"Басқа қалалардан филиал ашып, өзге адамдарды қылмысқа тартқан. Сол себептен Қылмыстық кодекстің "Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу" бабы бойынша іс қозғалған. Тәркіленген мүлік құны 2 миллиард теңгеден асады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады", - деді Жанболат Абдраемов.

Мол табыс табудың жолын ұсынып "шексіз ақшаға кенелтеміз" деп уәде еткендердің жарнамасына сенгендер енді тек сот үкімін күтеді.

Еске салсақ, бұған дейін отандық шоу-бизнес серісі Тәуекел Мүсілімнің жары алаяқтардың құрбаны болғанын жазған едік.

Одан бөлек, елімізде микроқаржы ұйымдарының қызметі банктерге теңестірілгелі жатқанын жазған болатынбыз. Бұл дегеніміз интернет арқылы кредитті оңды-солды үлестіретін ұйымдарды бақылау күшейеді деген сөз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886975-33-adam-kamauda-elimizde-karzy-piramidasyna-30-mlrd-tan-astam-aksa-kjgan-17-my-adam-san-sogyp-kaldy/