RU

Қарағанды маңында 40-қа жуық жолаушысы бар автобус тас жолда аударылып қалды (видео)

Автобус
Скриншот: denski_blog

Қарағанды ​​мен Шахтинск арасындағы тас жолда қалааралық автобус аударылып қалды. Жолаушылардың бірі ауруханаға жатқызылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Қарағанды ​​облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдын ала мәліметтер бойынша, автобустың аударылуына өзге көліктің жолдың қарсы бағытына шығып кетуі себеп болған. Mercedes-Benz жылдамдықпен автобусқа соқтығысып, автобус жол жиегіне ұшып кеткен.

Аударлыған автобустың видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті.

"Mercedes-Benz жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, жолаушылар автобусымен соқтығысты. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілуде. Ауа райының қолайсыздығына байланысты көпшіліктен мүмкіндігінше сақ болуды сұраймыз", - деп атап өтті Қарағанды ​​облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баспасөз қызметі.

Облыстық полиция департаменті де оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Мекеменің хабарлауынша, автобустың аударылуы салдарынан 65 жастағы әйел ауыр жарақат алған. Ол Шахтинск емханасына түсті. Қалған жолаушылар жеңіл жарақаттармен құтылыпты. Жол апаты кезінде автобуста қырыққа жуық адам болған.

Еске салсақ, бұған дейін синоптиктер алдағы үш күнге ауа райы болжамын ұсынып, елде көктайғақ, бұрқасын және желдің күшеюі күтілетінін ескерткен болатын.

Ауа райының бұзылуынан 21 қарашада Павлодар облысында тас жолда болған апаттан екі көліктің жүргізушісі де қайтыс болған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886986-karagandy-maynda-40-ka-zuyk-zolausysy-bar-avtobus-tas-zolda-audarylyp-kaldy-video/