RU

Францияда халық сөз еркіндігін шектейтін заңға қарсы шықты (видео)

Париж11
Фото: Julien Mattia/Anadolu Agency/Getty Images

Францияның көптеген қаласында "Ғаламдық қауіпсіздік туралы" заңға қарсы митинг өтті деп хабарлайды Азаттық.

Франция халықаралық радиосының (RFI) хабарлауынша, кейінгі күндері заңның 24-бабына наразылық күшейген. Бұл бап қызметтік міндетін атқарып жатқан полиция қызметкерлерін суретке түсіруге тыйым салады.

Франция ішкі істер министрлігінің мәліметінше, сенбі күні 28 қараша Парижде қарсылық акциясына 46 мың адам, ел бойынша 133 мың адам қатысқан. Полиция мәліметінше, Парижде бірнеше жерге өрт қойылған, көліктер мен киоскілер өртенген. Акция қатысушылары мен полиция арасында қақтығыс болып, 37 полицей жарақаттанған, 9 манифестант ұсталған.

AFP ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, наразылық акциясының кейбір қатысушылары полицицейлерге тас лақтырған, олар көзді жасаурататын газбен жауап қатқан, су шашқан.

Биліктің полиция құзыретін кеңейтіп, журналистер құқықтарын шектеуге талпынуы көптеген француздың наразылығын тудырған.

Наразылық 23 қараша күні болған Республика алаңындағы мигранттарды күштеп таратудың түсірілімдері әлеуметтік желіде тараған соң одан әрі күшейген.

Ал 26 қараша күні полицейлердің қара нәсілді музыка продюсері Мишель Зеклерді ұрып жатқанын көрсететін видео кең тарап, ашулы тұрғындар қатары көбейген. Ұрып-соғуға қатысы бар деген полиция қызметкерлері ішкі тергеу аяқталғанша уақытша қызметінен босатылды.

Полиция қызметкерлерінің кәсіподақтары 24-бапты қолдаса, журналистер сөз және ақпарат еркіндігін шектейді деп қарсы шыққан.

Заңды сынаушылар 24-бап күшіне енсе, Зеклердің видеосы жарық көрмеуші еді дейді. Франция парламентінің төменгі палатасы – Ұлттық ассамблея заңды мақұлдады, ендігі кезек Сенатта.

24-бап аясында қызметтік міндетін атқарып отырған полицейлердің суретін жеке басына қол сұғу мақсатында жариялау не тарату бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуға және 45 мың евро (53 мың доллар) айыппұлға әкелуі мүмкін.

Үкіметтің сөзінше, бұл бап полиция қызметкерлерін онлайн қорлаудан қорғауға бағытталған. Бірақ баспасөз құралдарының одақтары, адам құқықтары жөніндегі ұйымдар және полиция қорлауына тап болған азаматтар бұл бап сөз еркіндігін шектейді және полицияның заңсыз әрекеттері жариясыз және жазасыз қалуы мүмкін деп есептейді.

Еск сала кетейік, бұған дейін француз сенаты Таулы Қарабақ тәуелсіздігін мойындауға шақырған еді.

Сонымен қатар Еуропаның көптеген мемлекетінде карантин мен шектеулерге қарсы наразылық акциялары өтіп жатқанын, Франция, Испания, Италия, Чехия және Словакияда халықтың үкіметтің шараларына көңілі толмайтынын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887036-franciada-sz-erkindigin-sektejtin-zaga-karsy-narazylyk-tti/