RU

Еуропа елдерінде карантиндік шаралар жеңілдей бастады

Еуропа1
Көрнекі фото: pixabay.com

Еуропаның кей елдерінде коронавирусқа байланысты қабылданған карантиндік шаралар жеңілдей бастады деп хабарлайды COVID-19-дың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК telegram-арнасы.

Мәселен Италияда, бүгіннен бастап Ломбардия, Пьемонт және Калабрия аймақтары қызыл аймақтан сарғылт аймаққа ауысты. Өңір тұрғындары қайтадан 5.00-ден 22.00-ге дейін еркін жүре алады. Сонымен қатар жұмысқа бару, дәрігерге көріну немесе балаларын мектепке апару үшін аймақ ішінде жүріп тұруға рұқсат етіледі.

Ирландияда жалпы гигиена және әлеуметтік арақашықтық ережелерінің сақтау шартымен дүкендер, мұражайлар, көркемөнер галереялары мен кітапханалардың 1 желтоқсаннан бастап ашылуына рұқсат етілді.

Ал 4 желтоқсаннан бастап тек сусындар ғана емес, сонымен қатар тамақ ұсынатын мейрамханалар мен барлар қайтадан жұмыс істей бастайды.

Бельгия премьер-министрі Александр де Кроо Рождество мерекесі кезеңінде дүкендер ашылатынын айтты. Бірақ, мемлекетте ішінара локдаун режимі сақталады.

Германия да 23 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында карантиндік шаралардың жеңілдетілетінін хабарлады.

Германия канцлері Ангела Меркельдің федералды аймақ басшыларымен кездесуінде аталған мерзімде 10 ересек адамға дейін жиналуға рұқсат ету туралы шешім қабылданған.

Ал еліміздегі жағдайға келсек, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой желтоқсан-қаңтар айында карантин шаралары қатаңдатылуы мүмкін екенін атап өтті.

Жалпы бүгінде ресми статистикаға сүйенсек, ел бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 130 865-ге жеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887039-europa-elderinde-karantindik-saralar-zeildej-bastady/