RU

Синоптиктер қыстың алғашқы күндеріне арналған ауа райы болжамын ұсынды

Ауа райы
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қыс мезгілінің алғашқы үш күнінде - 1, 2, 3 желтоқсанда елімізде аязды ауа райы сақталады деп хабарлайды Қазгидромет.

Синоптиктердің болжамына сүйенсек, республиканың басым бөлігінде аяз болып, жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыста қар жауады. Сондай-ақ мамандар еліміздің кей жерлерінде көктайғақ, тұман болып, жел күшейетінін айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысындағы тас жолда 30 қараша күні түнде 10 көлік қар құрсауында қалғанын жазған едік.

Құтқарушылар оқиға орнына шығып, автожолды тазартқаннан кейін 10 көлік әрі қарай қозғалған.

Көліктерде екі баланы қоса алғанда 30 адамның болғаны анықталды. Оларға медициналық көмек керек болмаған.

Бүгін сағат 9:30-дан бастап бұрқасын болып, жол нашар көрінетіндіктен бұл бағыттағы қозғалыс (0 шақырымнан 45 шақырымға дейін) барлық көлік түрлері үшін жабылды.

Сонымен қатар Жамбыл облысында ауа райының күрт бұзылуына байланысты 100-ге жуық жүк көлігі қар құрсауында қалғанын хабарлаған болатынбыз. Кейін ТЖ өкілдері жолды тазартқан соң көліктер қозғалысын жалғастырған.

Сонымен қатар Маңғыстау облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар тас жолдарда бірнеше жол апаты болған.

Өңірдің полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының көбі тіркелмеген. Себебі жүргізушілер полицияға немесе медициналық мекемелерге жүгінбеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887138-sinoptikter-kysty-algasky-knderine-arnalgan-aua-rajy-bolzamyn-syndy/