RU

Бірінші желтоқсанда астанада отшашу бола ма

Отшашу
Көрнекі фото: pixabay.com

Тұңғыш Президент күніне орай елордада отшашу болмайды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"1 желтоқсан - ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай елорда аумағында отшашу жоспарланып отырған жоқ", - деді Ақмарал Олжабаева.

Айта кетсек, City Transportation Systems (CTS) компаниясының ресми мәліметінше, 1 желтоқсан күні елорданың қоғамдық көліктері қалыпты режимде жұмыс істейтін болады.

Еске сала кетсек, бірінші желтоқсанда "Хабар" арнасынан Елбасының өмірі мен қызметіне арналған "Портреттің штрихтары" көпсериялы деректі фильмінің премьерасы өтеді.

Елбасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Портреттің штрихтары" фильмінің бірінші бөлімі эфирге 1 желтоқсан сағат 21:40-та шығады. Көпсериялы фильм "Хабар" арнасынан көрсетіледі.

Көпшілікке жария етілген үзіндіде Нұрсұлтан Әбішұлы өз уайымымен бөліскен.

"Құдай мұндай азапты ешкімге сездірмесін, саған да. Бұл азап кетпейді. Ауырған соң мен сонда әдейі бардым. Менің өмірімде бәрі басқаша болуы мүмкін еді", - дейді Елбасы жарияланған кадрларда.

Фильмнің режиссері журналист Айгүл Әділова болған. Картина Елбасының баспасөз қызметі мен Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен түсірілген.

Айта кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына барып, әртістермен бірге Ақан серінің "Қара Торғай" әнін орындаған болатын.

Елбасы елорданың жаңа мәдени нысанымен танысып, театрдың шығармашылық ұжымымен кездесті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887160-birinsi-zeltoksanda-elordada-otsasu-bola-ma/