RU

Жамбыл облысында жүзден астам автокөлік қар құрсауында қалып қойған

Қарда қалған көліктер
Фото: Алматы телеарнасы

Жамбыл облысында қолайсыз ауа райы салдарынан Батыс Еуропа - Батыс Қытай тас жолында жүзден астам автокөлік кептеліп қалды деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Телеарна ақпаратына сүйенсек, қарлы боран шамамен 300 метр жолды басып қалған. Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылындағы жолда жаппай жол апаты болған. Салдарынан Жамбыл - Түркістан облыстары арасындағы автокөлік қозғалысы тоқтатылған.

"Әзірге Жамбыл облысындағы тас жолмен жүрмеулеріңізді сұраймыз. Тас жолда кептеліс, бұрқасын, көшкін бар. Сол себепті саяхаттамуларыңызды өтінеміз", - деді Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жайдарбек Құттыбаев.

Облыстық ТЖД ақпаратынша, құтқару операциясы барысында 51 адам құтқарылған, оның 12-і бала. Сонымен қатар, жүруге жарамсыз 21 көлік жолдың тазартылған бөліктеріне шығарылған. Зардап шеккендер жоқ.

Еске сала кетсек, Алматы облысындағы тас жолда 30 қараша күні түнде 10 көлік қар құрсауында қалды. Өңірлік ТЖД хабарлауынша, 30 адам құтқарылған.

Айта кетсек, бұған дейін Жамбыл облысында ауа райының күрт бұзылуына байланысты 100-ге жуық жүк көлігі қар құрсауында қалғанын жазған едік.

Кейін ТЖ өкілдері жолды тазартқан соң көліктер қозғалысын жалғастырған.

Сонымен қатар Маңғыстау облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар тас жолдарда бірнеше жол апаты болған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887259-zambyl-oblysynda-zzden-astam-avtoklik-kar-krsauynda-kalyp-kojgan/