RU

Түркияда демалыс күндеріне локдаун енгізілді

Түркия көшелері
Көрнекі фото: Omer Evren Atalay/Anadolu Agency via Getty Images

Түркияда коронавирустың өршуіне байланысты жұмыс күндері коменданттық сағат енгізілді. Бұл туралы ел президенті Реджеп Тайип Ердоған мәлімдеді деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Елде 1 желтоқсаннан бастап кешкі 9-дан таңғы 5-ке дейін сыртқа шығуға тыйым салынды. Тіпті демалыс күндері толық локдаун іске қосылатын болды. Халық жұма күні кешкі 21:00-ден бастап, дүйсенбі күні таңғы 5-ке дейін сыртқа шыға алмайды. Азық-түлік дүкендері тек үйге жеткізу қызметі бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ монша, сауна мен ойын сауық орындары уақытша жұмысын тоқтатты. 65 жастан асқан және 20 жасқа дейінгі азаматтар қоғамдық көлікке міне алмайды.

Президент Ердоғанның сөзінше, жергілікті провинциялар аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты қосымша сақтық шараларын енгізе алады.

Айта кетейік, Түркияда соңғы тәулікте коронавирусты 31 мыңнан астам адам жұқтырып, қауіпті індеттен 188 науқас көз жұмды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, бұл елде пандемия басталғалы ең жоғарғы көрсеткіш.

Еске салсақ, Еуропаның кей елдерінде коронавирусқа байланысты қабылданған карантиндік шаралар жеңілдей бастады.

Мәселен, Италияда, бүгіннен бастап Ломбардия, Пьемонт және Калабрия аймақтары қызыл аймақтан сарғылт аймаққа ауысты. Өңір тұрғындары қайтадан 5.00-ден 22.00-ге дейін еркін жүре алады. Сонымен қатар жұмысқа бару, дәрігерге көріну немесе балаларын мектепке апару үшін аймақ ішінде жүріп тұруға рұқсат етіледі.

Ал еліміздегі жағдайға келсек, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой желтоқсан-қаңтар айында карантин шаралары қатаңдатылуы мүмкін екенін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887283-trkiada-demalys-knderine-lokdaun-engizildi/