Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылордада 100 отбасы Тұңғыш президент күні қарсаңында қоныс тойын тойлады

Опубликовано:

Үйдің кілтін табыстау сәті
Фото: ТҮҚЖБ

Қызылордада Тұңғыш Президент күні қарсаңында бірден 100 отбасы баспанаға ие болды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы алынған жаңа пәтерлердің кілтін тұрғындарға облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова табыстаған.

«Дәнекер» және «Авангард» құрылыс компаниялары салған №37, №44 көпқабатты тұрғын үйлерден пәтер бүгінде 100 отбасына бұйырып отыр. 2 бөлмелі пәтер 58 шаршы метрлі болса, 3 бөлмелі пәтердің ауданы 67 шаршы метрге дейін барады. Тұрғын үйлердің 1 шартшы метр үшін бағасы 140 000 теңгені құраған.

Баспаналы болғандар қатарында әскери қызметкерлер, мұғалімдер, құқық қорғау саласының өкілдері мен дәрігерлер, мәдениет саласының мамандары бар.

Бастауыш сыныпқа ұстаздық ететін Саида Мәжит 2017 жылдан бері тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне салым салып, тірнектеп жинаған ақшасына бүгін екі бөлмелі пәтер алып отыр Баспана құнының 20 пайызын төлеген жас ұстаз бүгінде көптен күткен қоныс тойын тойлауда.

Үйдің кілтін табыстау сәті
Фото: ТҮҚЖБ

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің менеджерлеріне алғыс айтқым келеді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы әр қазақ баспаналы болсын. Әсіресе, жастар. Қолжетімді. Айына 55 мыңнан келеді», – дейді ол.

Жаңа тұрғын үйлердің ауласында ойын алаңы бар, бейнебақылау камерасы мен домофон да орнатылған. Шағын ауданда қажеттінің бәрін табуға болады – жақын маңда жоғарғы оқу орны, мектеп, балабақша, мұражай мен Жастар орталығы орналасқан.

Жыл соңына дейін банк салымшылары үшін тағы көпқабатты 3 үй пайдалануға берілмек.

«2020 жылы сол жағалаудан біз 13 үй беріп жатырмыз. «Нұрлы жер» бағдарламасының 20 пайызын салған. Және де биыл Шаңырақ «5-10-20» бағдарламасымен де осы сол жағалауда одан әрі үйлер беріледі», – дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев.

Қызылжарма ауылындағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін Бибігүл Садықова болса, 2 жылдан бері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» салым ашып, баспана алу үшін қаржы жинаған.

Сырдың сол жағалауынан 3 бөлмелі жаңа пәтерге ие болған ұстаз жаңа үйінің жайлы екенін айтуда.

Үйдің кілтін табыстау сәті
Фото: ТҮҚЖБ

«3 бөлмелі пәтер. Бірінші қабат, үйім жылы, кең, ремонты жақсы жасалған. Жас отбасы болса, жалдамалы пәтер алып жүргеннен гөрі, осылай алғашқы жарнасын салып үй алған дұрыс деп ойлаймын», – дейді ол.

Баспана иелеріне кілттерін табыстаған облыс әкімі оларға құттықтауын жеткізіп, Қызылорда қаласында жыл соңына дейін тағы 720 пәтер пайдалануға берілетінін мәлімдеді.

Айта кетсек, «Нұрлы жер» Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының сол жақ жағалауынан жыл басынан бері 470 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілді.

Биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы шамамен 1200 қала тұрғыны баспаналы болған.

Оның ішінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 292 отбасы қоныс тойын тойласа, «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 47 тұрғын баспанаға қол жеткізіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887301-kyzylordada-100-otbasy-tgys-prezident-kni-karsaynda-konys-tojyn-tojlady/

pixel