Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Камбоджада екі апталық карантин енгізілді

Опубликовано:

Камбоджадағы базар
Көрнекі фото: piqsels.com

Камбоджада бүгіннен бастап сақтық шаралары күшейді деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес, ел астанасы Пномпеньде барлық жекеменшік мектептер, мұражайлар және жақында ғана түрме басшысының әйелінен коронавирус анықталған қонақүй жабылды.

Карантин мерзімі кемі 2 аптаға созылады. Сондай-ақ жарты ай бойы бір жерге 20 адамнан артық жиналуға болмайды. Кәсіптік білім беретін оқу орындарының да жұмысы тоқтатылды.

Жалпы Камбоджа бойынша қазіргі сәтке дейін 326 адам індет жұқтырған. Ал коронавирустан өлім-жітім оқиғасы бір де бір рет тіркелмеген екен.

"Өткен аптада коронавирус жұқтыру деңгейі біршама төмендеп, біраз ақша жасап алып едім. Бірақ індет қайта күшейіп, халықтың үрейі үдей түсті. Тапсырыс мүлде болмай жатыр", – деді такси жүргізушісі Сун Сованарит.

Еске салсақ, Түркияда коронавирустың өршуіне байланысты жұмыс күндері коменданттық сағат енгізілді. Бұл туралы ел президенті Реджеп Тайип Ердоған мәлімдеді.

Елде 1 желтоқсаннан бастап кешкі 9-дан таңғы 5-ке дейін сыртқа шығуға тыйым салынды. Тіпті демалыс күндері толық локдаун іске қосылатын болды. Халық жұма күні кешкі 21:00-ден бастап, дүйсенбі күні таңғы 5-ке дейін сыртқа шыға алмайды.

Айта кету керек, Еуропаның кей елдерінде коронавирусқа байланысты қабылданған карантиндік шаралар жеңілдей бастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887315-kambodzada-eki-aptalyk-karantin-engizildi/

pixel