RU

Әблязовке қатысты іс: Ұлыбритания соты 5 млрд доллар активті бұғаттады

Мұхтар Әблязов
Фото: inbusiness.kz

Англия мен Уэльстің бизнес және мүліктік істер бойынша соты БТА банктің бұрынғы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхтар Әблязовтың ісіне қатысты ірі қаржы активтерін бұғаттау туралы шешім қабылдады.

Нақты айтқанда, әңгіме компаниялардағы үлестер мен люкс санатындағы қонақүйлер, сондай-ақ әлемнің бірнеше елдеріндегі бірнеше банктік шоттар туралы болып отыр.

The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, активтердің жалпы сомасы 5 миллиард АҚШ долларына (2,12 трлн теңге) дейінгі қаражатты құрап отыр.

Шешім 2020 жылдың 13 қарашасында БТА банктің өтініші негізінде қабылданған. Банктың адвокаттары бірнеше жылдан бері Мұхтар Әблязов жымқырған миллиардтаған долларды қайтаруды талап етіп келеді.

Бұл іс БТА банктің қатысуымен бірқатар әлем елдеріндегі бірнеше сот процестерінің бір бөлігі екендігі белгілі болып отыр.

Еске салсақ, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Әблязовқа қатысты өз ойын айтқан еді. Тұңғыш президент сенім артқан адамдарының сатқындығын және нені кешіруге дайын екенін айтып, ағынан жарылған.

Одан бөлек, Мұхтар Әблязовтің сыбайласы Қазақстанға 6,3 млрд теңге қайтарғаны жарияланған болатын.

Сонымен қатар тергеу нәтижелері бойынша Мұхтар Әблязов БТА банктің ақшасына сатып алды делінген ұшақтар қайда кеткені анықталған еді. Әблязовтің Excellеnt Glide атына тіркелген үш люкс ұшағы іс басталғаннан кейін жаңа иелерін тауып үлгерген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887341-lybritania-soty-blazovty-isine-katysty-5-mlrd-dollar-aktivti-bgattady/