RU

Нұр-Сұлтандағы кафелердің бірінде тағы да газ баллоны жарылды

Газ баллоны жарылды
Оқиға орны. Фото: Нұр-СҰлтан қаласы ТЖД

Елордадағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде тағы да газ баллоны жарылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Facebook парақшасына сілтеме жасап.

Төтенше жағдай кеше, 1 желтоқсанда Байтұрсынов көшесі "Нұрлы жол" темір жол вокзалы ауданында болған. Өрт сөндірушілер 22:19-да оқиға орнына келген.

Ведомство баспасөз қызметінің ақпаратынша, жаңа құрылыс аумағында жеке тұрған контейнер өртеніп жатқан. Контейнердің көлемі 150 шаршы метр, ол асхана ретінде қайта жабдықталған. Қызыл жалын жанында тұрған ағаш құрылғыларды да шарпыған.

Алдын ала болжам бойынша, өрт газ баллонының жарылуы себебінен шыққан. Елордалық өрт сөндірушілер жанып жатқан ғимараттан 4 газ баллонын шығарған.

Қызыл жалынды ауыздықтауға 4 техника және жеке құрамнан 23 адам жұмылдырылған.

Өрт 22:36-да сөндірілген. ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтанда 21 қарашада кафеде газ баллоны жарылған еді. Төтенше оқиғаның салдарынан екі адам қайтыс болды.

Төтенше жағдайдан кейін жедел медициналық көмек бригадасы 34 адамды ауруханаға жеткізген. Оның ішінде 11-і дәрігер қарағаннан кейін үйлеріне жіберілсе, 23-і ауруханаға жатқызылған. Зардап шеккен адамдардың барлығы дәмхана жұмысшылары.

Сонымен қатар жарылыс салдарынан үш автокөлікке зиян келген. Өрт себебі әлі анықталған жоқ. Полиция сот алды тергеу жұмыстарын бастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887350-nr-sltandagy-kafelerdi-birinde-tagy-da-gaz-ballony-zaryldy/