Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мені ұмытып кетті": Дәрігерлер жатырын алып тастаған келіншек жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Алина
Фото: alina_abileva

Алматылық Алина Әбілеваның жанайқайы әлеуметтік желіні шарлап кетті. Қаладағы ақылы перзентханалардың бірінде сәбиін өмірге әкелген Алина өлім аузынан қалып, екінші отадан соң, тіпті жатырынан айырылған. Қуанышқа қарай, ауыр отадан кейін Алина да, оның бес айлық ұлы да аман. Алайда денсаулығы мен өміріне келтірген үлкен залал үшін келіншек ақылы перзентхана дәрігерлерін кінәлап отыр. Көпбалалы ана болсам деген арманына балта шабылған ол өзге де жүкті әйелдерге мұндай қауіп төнбеуі үшін басынан өткен бар оқиғаны KAZ.NUR.KZ тілшісіне баяндады.

Алинаның айтуынша, жүктілік мерзімі әлдеқайда жеңіл өткен. Бүгінге дейін тұмаумен де көп ауырып көрмеген ол токсиоз секілді жүктілік кезіндегі ыңғайсыздықтардың да болмағанын айтады. Әрбір узи-скринингті асыға күтіп, босанатын мерзім жақындағанда сапалы перзентхана мен білікті дәрігер іздей бастайды. Ғаламтордағы көпшіліктің оң пікірін ескере отырып, қаладағы ақылы клиникалардың біріне таңдауы түседі. Алайда, айы-күні жеткенде Алинаның жағдайы мүлде нашарлай бастаған.

"Ақылы перзентхананы таңдағандағы мақсатым – сәбиімді дұрыстап қараса екен деген тілегім болды. Келісімшартты жүктіліктің 37 аптасында жасадым. 40-ы аптаға дейін сәби өмірге келуге асықпады. Бірақ осы уақытқа дейін баланың салмағы ауыр екенін ешкім ескертпеді. Дәрігер болса, бейсенбіге дейін толғақ келмесе, қолдан толғақ шақыратын дәрі жіберетінін айтты. Ал 2 шілденің түнінде су кетіп қалды да, таңғы 5-те дәрігерлерге хабарладым. Олар болса, сағат түсткі 12-де босану бөліміне жіберіп, 16:00-де ғана палатаға қабылдады. Судың түсі де, КТГ да жақсы болатын. Осыдан соң келесі таңға дейін мені дәрігерлер ұмытып кетті", - дейді Алина.

Алина Әбілеваның айтуынша, толғақ келмей, жатыр мойыны ашылмаған соң судың түсі жасылға өзгеріп, іштегі бала мен келіншекте тахикардия басталған. Өйткені, жүкті әйелдің сусыз кезеңі 35 сағатқа жеткен. Сол кезде ғана дәрігерлер шұғыл түрде кесарь тілігін жасауға кіріседі.

"Отаны гинекологтың көмекшісі жасады. Тек екі ай өткен соң ғана мен өзім босана алмаған соң бірден кесарь тілігі жасалу керектігін білдім. Өйткені, баланың салмағы ауыр – 4 келі 80 грамм. Оның үстіне, жүктілік уақыты асып кеткен, сусыз кезең ұзаққа созылды, сәбиді қоршап тұратын жолдасының уақытынан бұрын жарылғаны біздің өмірімізге үлкен қауіп төнді. Баланың кіндігі де мойнына оралып қалыпты. 7 шілде күні барлық көрсеткіштер жақсы болған соң, бізді үйге шығарды. Бірақ бар қиындық мұнымен аяқталған жоқ", - дейді ол.

Әлібаева көп ұзамай жағдайы нашарлағанын есіне алды.

"8 шілде күні ішімнің төменгі жағы қатты ауыра бастады. Дәрігерге бұл туралы хабарлағанымда, спайка болуы мүмкін деп жылы жапты. Ауру мұнымен тоқтаған жоқ, 10 шілде күні ішімнің ауырғаны үдеп, қызуым көтеріліп, қалтырап-дірілдеп, орнымнан тұра алмай қалдым. Қаладан 125 шақырымда тұратын мен 13 шілде күні өз еркіммен УЗИ-ге түсіп, перзентханаға келдім. Мені емдеуге тағы да асықпай, дәрі-дәрмек бере бастады", - дейді ол.

Айтуынша, дәрігерлер тек ата-анасы араласқаннан кейін шара қабылдаған.

"Тек ата-анам араласқан соң ғана шұғыл түрде ота жасап, үш күннен кейін жатырымды алып тастағанын айтты. Қойған диагнозы – акушерлік перитонит. Түсінесіз бе, бұған дейін дәрігерлердің біреуі де келмей, үш күннен соң жатырымның жоқтығын жеткізді. Менің тағы да ана болам деген арманымның күлін көкке ұшырды. Бір қызығы, олар неліктен мұндай қадамға барғанын түсіндіре алмады. Тек қана сенің өміріңді құтқардық деумен шектелді. Тағы бір сорақылығы – бұл отаны да сол дәрігерлер жасаған", - дейді келіншек.

Бүгінде Алина Әбілева дәрігерлердің үстінен шағым түсірген. Ол бес айдан соң бар күшін жинап, бұл оқиғаны аяқсыз қалдырмауға шешім қабылдапты.

"Осы оқиғадан соң, медициналық және фармацевтикалық ұйымдарды тексеретін комитетке арыз жаздым. Олар 9 желтоқсанда ғана жауап беретінін айтты. Клиника болса, іштей тексеру жүргізіп жатқанын әлеуметтік желідегі парақшама жазыпты. Бір қызығы, мен шу көтерген соң ғана тексеріп жатыр. Неге осындай жағдайдан соң тексеруді бірден, бес ай бұрын бастамаған?", - деп сұрақ қойды Алина.

Келіншек ақылы клиникада босану үшін қомақты қаражат төлеген екен.

"Бұл клиникада өз күшіңмен босанатын болсаң, 490 мың төлейсің. Ал кесарь тілігіне 700 мыңнан аса ақша алады. Мені алдын ала тексерген олар табиғи жолмен босана алатынымды айтты, сондықтан, 490 мың төледім. Әзірге, аталған емханадағы ешбір дәрігер маған неліктен бұлай жасағанын түсіндіре алмайды.

Өз сөздеріне өздері кереғар келетін тұстары көп. Менің бір ғана амалым бар. Бүгінде басқа дәрігерлермен кеңесіп жатырмын. Тіпті, балалар дәрігерлеріне дейін акушерлік перитониттің аяқ астынан болмайтынын айтады. Демек, бір шикілік бар. Бүгінде мені қараған дәрігер желідегі аккаунтын құлыптап, мені сотқа беретінін жеткізді. Ал мен әділеттік күтемін. Ешбір анаға мұндай қиындық бермесін", - дейді Алина.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі болса, аталған оқиғаға байланысты тексеру жүргізетінін алға тартқан.

Еске салсақ, бұған дейін Сингапурда келіншек COVID-19-ға қарсы антиденесі бар баланы өмірге әкелгенін жазған едік.

Одан бөлек, Павлодарда анасы көшеге тастап кеткен бір жасар бала әжесіне берілгенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887386-meni-mytyp-ketti-drigerler-zatyryn-alyp-tastagan-almatylyk-kelinsek-zanajkajyn-zetkizdi/

pixel