Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оралдық кәсіпкерлер бас санитар дәрігердің отставкаға кетуін талап етті

Жарияланған күні:

Кәсіпкерлер
Фото: NUR.KZ

Батыс Қазақстан облысында дүкен иелері бас санитарлық дәрігердің шектеу шаралары туралы қаулысы бизнесті "тұншықтырып жатыр" деп санайды. Кәсіпкерлер кірістің жоқтығы мен банкрот болу қаупіне шағымданған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Шағын дүкен иелері Батыс Қазақстан облысының бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаевпен кездесу үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау ғимаратына жиналды.

"Біз, азық-түлік емес дүкендер иелері, бас санитарлық дәрігер өзінің жарлығымен көрсеткен шектеу шараларына байланысты үлкен шығынға ұшырап отырмыз. Біздің жұмысымызға демалыс және мереке күндері тыйым салынғандықтан, іс жүзінде банкрот болдық.

Біздің барлығымыз несиеге, жалдауға және салыққа қарыздармыз, тауар сатып алуға және өмір сүруге ештеңе жоқ. Шағын бутиктердің шамамен 30%-ы жабылды. Олар бұл шектеу шараларын көтере алмады", - деді сауда дүкенінің иесі Аслан Өтепов.

Жиналған кәсіпкерлер өңірдің бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев өз міндетін дұрыс орындамайды деп, оның отставкаға кетуін талап етті.

Арыспаев селекторлы жиналыста болғандықтан, жиналғандармен кездесе алмаған. Оның орнына санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімі басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев пен Орал қаласының бас санитарлық дәрігері Мәдениет Танауов кәсіпкерлермен сөйлесті.

"Шектеу шаралары жұмсартылды. Бұрын локдаун екі демалыс күндері болса, енді тек жексенбі мен мереке күндері болады. БҚO "қызыл" аймақта болды, бірақ шектеу шаралары өз нәтижесін берді - біз "жасыл" аймаққа көштік, ауру төмендеді.

Осы аптада коронавируспен күресу жөніндегі жедел штабтың отырысы өтеді. Онда біз демалыс күндерін қоса алғанда, барлық күндері қоғамдық көліктердің, ашық және жабық базарлар мен сауда үйлерінің жұмыс істеуіне рұқсат беру мәселесін енгіземіз.

Сонда сауда нысандары өз кестесі бойынша 09.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істей алады. Сондай-ақ, біз қоғамдық тамақтандыру нысандарына ұжымдық іс-шаралар өткізбей, 50 келушіге дейін орналастыруға рұқсат беру мәселесін қарастырып жатырмыз", - деді Мәдениет Танауов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Батыс Қазақстанда санитарлық бекеттер алынғанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887458-oraldyk-ksipkerler-bas-sanitar-drigerdi-otstavkaga-ketuin-talap-etti/