RU

Алматыда қаруланған екі жігіт ломбардқа қарақшылық шабуыл жасады (видео)

Фото
Фото: Видеодан кадр

Алматы қаласының тәріп сақшылары ломбардқа жасалған қарулы қарақшылық шабуылдың жолын кесті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы оңтүстік астананың полиция департаментіне сілтеме жасап.

Қарақшылық шабуыл бүгін кешкі сағат бестер шамасында орын алған.

Бұл жағдайға қатысты Наурызбай аудандық Полиция басқармасының басшысы Дидар Аханов пікір білдірді.

Оның сөзінше, учаскелік полиция инспекторлары Қанат Парманов пен Ерлан Қосалиев өздерінің әкімшілік аймақтарын аралау кезінде Әшімов көшесінде орналасқан ломбардтың жанынан өтіп бара жатып, іштен шыққан әйелдің айқайын естіген.

Сол уақытта ломбардтың ішінен тапанша және пышақпен қаруланған екі адам жүгіріп шығыпты. Олар полиция қызметкерлерін көріп, қашып кетуге әрекет жасаған, алайда ойлары нәтижесіз аяқталды, дейді Аханов.

Ол күдіктілер қарсыласқанына қарамастан, қолға түскенін, тәртіп сақшылары қылмыс туралы кезекші бөлімге хабарлағанын атап өтті.

"Мен олардың шыққанын көрдім. Арттарынан ердім. Қарасам, екі полиция қызметкері олармен төбелесіп жатыр екен. Қарақшылар қатты қарсыласты. Дәл осы сәтте пайда болғандары үшін полиция қызметкерлеріне өте қатты ризамын", – деді ломбард қызметкері Эльмира Үсенбаева.

Бұл факт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне қылмыстық кодекстің 192-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы ("Қарақшылық") бойынша тіркелген.

"Күдіктілердің екеуі де Жамбыл облысының тұрғындары болып табылады, олар Алматыға қылмыстық жолмен ақша табу мақсатында жақында келген. Олардың бірі – 2000 жылы туған, бұрын адам тонағаны үшін сотталған. Екіншісі – 2001 жылы туған, адам денсаулығына қасақан ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қылмыс орнында жедел-тергеу тобы “Байкал” тапаншасын, ас үй пышағын, қолғап, қара бетпердені, 24 дана алтын бұйым салынған ыдысты және тағы сол сияқтылар тәркіледі. Қылмыстық іс аясында тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді Дидар Аханов.

Еске сала кетсек, осыған дейін Алматы облысында 34 жастағы әйелді көлікте пышақтап өлтіріп кеткенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887515-almatyda-karulangan-eki-zigit-lombardka-karaksylyk-sabuyl-zasady-video/