RU

"Үй алып беремін деген": Алматы облысында оңбай алданып қалған тұрғындар араша сұрап отыр

Алматы облысы1
Кадр: КТК арнасынан

Алматы облысында бір топ тұрғын алаяқтың құрбанына айналды. Әкімдік арқылы мемлекеттік бағдарламамен Ұзынағаш ауылынан үй алып беремін деген келіншек әрқайсынан бір жарым миллион теңге алған. Бірнеше жыл өткенмен, не баспана жоқ, не ақшасы кері қайтпаған деп хабарлайды КТК арнасы.

Ақшадан айырылып, баспанадан күдер үзген тұрғындардың бірі - Гүлмира Ықсанова.

Ол қарызданып, қауғаланып бір жарым млн теңгесін осыдан төрт жыл бұрын өзін алдады деген келіншекке қолымен санап берген. Бүгінде Гүлмираның қолында күдіктінің кепілге қалдырған құжаты ғана бар.

"Төлеп бергеннен кейін бір жарым жылдың ішінде "үйге кіресіздер, пәтерге төлемейсіздер, үйге төлеп, 10-15 жылда үй өзіңіздікі болады" деді. "Әкімдік ауысты", "үйтті-бүйтті" деді, одан 2017 жылдан кейін ол қызды кеңсесінен таппадық", - дейді Гүлмира Ықсанова.

Сан соғып қалғандар "ақшаны алдым" деген түбіртектің еш заңдық күші жоқ екенін де кеш ұққан.

Алданғандардың бар үміті енді полицияда. Дегенмен құзырлы орган істі дұрыс жүргізбей отырғанын айтады.

"Полиция басқармасы істі дұрыс жүргізбей отыр. "Төртінші баласын босанды, баласы 18-ге толғанда ғана арыздана аласыңдар" деп, бізді кері қайтарып жіберді. Бұлай болмайды ғой. Сонда бізде заң жоқ па?!", - дейді Развангул Усманова.

Телеарнаның мәліметінше, айыпталып отырған Мәдина Сауытбекова Ұзынағашқа қоңсылас Қаскелеңдегі адамдарды да "жер алып беремін" деп алдаған. Олар да ақшасын қайтара алмай сандалған.

Бұл істен Жамбыл аудандық полиция басқармасы хабардар болғанмен, әзір артық тіс жармай отыр деп хабарлайды телеарна. Ал "алдандық" деген адамдар Ішкі істер министрлігінің араша түсуін сұрайды.

Дереккөз КТК арнасы

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда мемлекеттік бағдарлама бойынша аз қамтылған отбасыларға үй алып беруге уәде еткен алаяқ әйелдің ұсталғанын жазған болатынбыз.

Сонымен қатар Алматы полициясы 80-нен астам адамды алдаған әйелдің ұсталғанын хабарлаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887534-j-alyp-beremin-degen-almaty-oblysynda-obaj-aldanyp-kalgan-bir-top-trgyn-arasa-srap-otyr/