RU

Атырауда сырқат баланы сылтауратып, ақша жинаған тұрғынның қулығы әшкере болды

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Атырауда сырқат баланы сылтауратып, жалған хабарландыру арқылы ақша жинаған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полиция қызметкерлері қаржылық қиындыққа тап болған соң алаяқтықпен ақша табуды көздеген әйелдің әрекетін әшкереледі.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтың айтуынша, күдікті Іnstagram-да церебралды сал ауруына шалдыққан үш жасар сәбиді емдеуге қаражат жинау туралы беріліп, кейін алынып тасталған хабарландыруды көрген.

"Өзінің арам ойын іске асыру үшін алдымен әлеуметтік желіде жеке парағын ашқан. Оған науқас баланың фотосуретін және өзінің банктік деректерін көрсетіп, көмек сұраған жазбасын жариялайды. Жалған хабарландыруды кездейсоқ көріп қалған баланың анасы полицияға арызданды", - дейді Қамза Үмбетқалиев.

Атырау қалалық полиция басқармасы №1 полиция бөлімінің қызметкерлері жалған хабарландыру авторын ұстаған. Ол Атырау қаласының 28 жастағы тұрғыны болып шықты.

"Ол 40 мың теңге қарызын өтеу үшін осылай әрекет етпек болған. 16-23 қарашада оның есепшотына сырқат балаға көмек қолын созған азаматтардан 37 мың теңге түскені анықталды. Сотқа дейінгі тергеу кезінде күдікті азаматша аталған қаржыны сырқат баланың анасына берді", - дейді департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Қазір аталмыш факті бойынша Қылмыстық Кодекстің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында бір топ тұрғын алаяқтың құрбанына айналғанын айтып, жанайқайын жеткізген еді.

Сонымен қатар, Алматыда мемлекеттік бағдарлама бойынша аз қамтылған отбасыларға үй алып беруге уәде еткен алаяқ әйелдің ұсталғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887535-atyrauda-syrkat-balany-syltauratyp-aksa-zinagan-trgynny-kulygy-skere-boldy/