RU

"9 жыл шыдадым": Алматылық келіншек баласын аямай ұратын күйеуінен қашып кетті

Тұрмыстық зорлық-зомбылық
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Алматыдағы "Жан-Сая" дағдарыс орталығында түрлі тағдыр иелері уақытша өмір сүріп жатыр. Мұнда күйеуінен, жақындарынан, туыстарынан қысым көріп, зорлыққа ұшыраған әйелдер мен балалар ат басын тірейді. Қорғансыздың күнін кешкен оларға психологтар мен заңгерлер көмек көрсетеді. Жақында дағдарыс орталығына күйеуінің соққысынан шаршаған тағы бір келіншек бас сұқты. Бәрінен бұрын балаларының зардап шеккеніне шыдай алмаған әйел басынан кешкен қиындықтарды KAZ.NUR.KZ тілшісіне баяндап берді.

Өзін Ардақ деп таныстырған әйел (келіншектің өтініші бойынша есімі өзгертілді – ред.) күйеуінің қорлығына тоғыз жыл шыдап келген екен.

"Менің жолдасыммен тұрмыс құрғаныма тоғыз жыл толды. Осы аралықта талай нәрсені көрсем де, жанұямды сақтап қалғым келген. Бірақ әкесінің балаларға мейірімі оянбай, оларға қол көтере бастаған соң, бәріне нүкте қойғым келді. Жолдасым екеуіміз кездесіп жүргенде ол өзін сабырлы, сері жігіт ретінде көрсетті. Бірақ үйленіп, балалар өмірге келген соң мінезі күрт өзгере бастады.

Ол мені үнемі қысымда ұстайтын, балаларға қатал қарайтын. Балалықпен кішігірім қате жіберсе, үйде айғай шығарып, әрдайым кемшіліктерін бетіне басып отырды. Үйде әкесі болса, балалалар мүлде еркін жүре алмай, қорқып отыратын күйге жетті", - дейді Ардақ.

Ащы суға тойып алған күйеуінің соққысына үйренгенін алға тартқан Ардақ, күйеуі балаларын ұра бастағанда бұл бассыздыққа шыдай алмағанын айтуда.

"Күйеуім кезекті рет шу шығарып, біздің екі аяғымызды бір етікке тықты. Мені ұрғаны аздай, балаларды да аямай сабай бастады. Осы кезде шыдамым таусылып, бірден инспекторларды шақырдым. Олар да үйге кіре алмай, біраз бөгелді. Ақыр соңында есікті бұзып ашуға тура келді. Осылайша, балаларымды қатал әкесінен құтқарған соң, қайда барарымды білмедім. Дағдарыс орталығы маған пана болып, біздің қалыпты өмірге оралуымызға әсер етуде", - дейді ол.

Бүгінде Ардақ пен оның балаларына психологиялық тұрғыдан көмек көрсетіліп, заңгерлер оның күйеуімен ажырасуына қатысты құқықтық кеңестер беруде.

Еске салсақ, бұған дейін Қарағандыда 60 жастағы тұрғынды зорлаған ер адамға үкім шыққанын жазған болатынбыз.

Одан бөлек, Атырауда сырқат баланы сылтауратып, ақша жинаған тұрғынның қулығы әшкере болғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887538-9-zyl-sydadym-almatylyk-kelinsek-balasyn-aamaj-ratyn-kjeuinen-kasyp-ketti/