Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы тұрғыны жаңа туған сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр

Опубликовано:

Нәресте
Көрнекі сурет: pixabay.com

Алматы тұрғыны жаңа туған сәбиінің өліміне ақ халаттыларды кінәлап отыр. Ол дәрігерлер нәрестенің күрделі жүрек ақауын анықтамағанын, сондықтан ол үш ай ғана өмір сүргенін айтты.

Баласынан айырылған Нұрсұлу Мусина алғашқы күннен бастап ауру белгілері байқалса да, жүрек ақауын байқамаған медицина қызметкерлері жұмыстан қуылғанын қалайды деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

"Мен балалар кардиохирургиясы орталығында босандым. Дәл сонда босанып, ұлымда күрделі жүрек ақауы болады, дәрігерлер оны байқамайды деп ойламаған едім. Мен "неге ол осылай демалады? Қызық демалатын сияқты ма?" деп сұрақ қоятынмын. Ал олар "Жоқ, бәрі дұрыс. Барлық бала осылай демалады" деген болатын",- деп ағынан жарылды келіншек.

Баласының демін уайымдаған ана ақырында дәрігерлер сөзіне қарамастан, Шучинскіде тексеруден өтеді. Онда медицина қызметкерлері нәрестенің бірнеше күндік өмірі қалғанын, ол өлім аузында екенін айтады.

"Олар "Сіздің ұлыңызда туғаннан жүрек ақауы бар. Ол енді бар болғаны 4-5 күн өмір сүреді. Өлім аузында" деді. Бізге бұл диагнозды ешкім қоймаған еді. Бәрі маған тек дұға жаса, Алла дұғаңды естиді деді. Бірақ ақ халаттылар жүректегі шуды қалай естімегенін білмеймін",- деді ол.

Ал өз кезегінде ақ халаттылар кіналарын жоққа шығарып, диагнозды дер кезінде анықтау мүмкін болмағанын айтты.

"Көп жағдайларда шу мүлде естілмейді. Бұл ақауды диагностикалаудағы клиникалық зерттеу әдістері жайлы ақпарат аз. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Н.Н. Мусинанаың баласына диагноз қою мүмкін болмады",- деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Ал заңгерлер медицина қызметкерлеріне арыз - шағым көп екенін, бірақ түрлі жағдайда олардың кінәсін растау мүмкін болмайтынын алға тартып отыр. Даулы мәселелерді болдырмау үшін сарапшылар екі жыл сайын дәрігерлердің біліктілігін тексеруді ұсынады.

"Емдеу мекемелерінің қызметкерлерін, дәрігерлерді адвокаттар сияқты мерзімді қайта аттестациядан өтуге міндеттеу керек. Әр тұлға өзі жүгінген маман немесе ұйым тиісті дайындық деңгейі мен тиісті рұқсаты бар екенін білуге тиіс",- деді Руслан Қожахмет.

Ал келіншек дәрігерлердің жұмысына салғырт қарағанына сенімді және олардың жазалануын талап етуде. Нұрсұлу Мусина тағы да жүктілікті жоспарлап отыр. Ол енді қазақстандық мамандарға сене алмайтынын айтады.

Айта кетейік, күні кеше Қызылорда облысында жер үйдің дәретханасына өз нәрестесін тастаған көкек ана ұсталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887580-almaty-trgyny-zaa-tugan-sbiini-limine-drigerlerdi-kinlap-otyr/

pixel