RU

Депутат Қапбарова: 15-34 жас аралығындағы жастар Қазақстаннан кетіп жатыр

Айгүл Қапбарова
Айгүл Қапбарова. Фото: : senate.parlam.kz

Палатаның жалпы отырысында сенат депутаты Айгүл Қапбарова елдің солтүстік аймақтарындағы халық санының едәуір азайғанына баса назар аударды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Депутат статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының азаюына баса назар аударды.

Оның айтуынша, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында халық санының өсу проблемасы бар.

"Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының халқы үш мыңнан астам адамға азайды. Мысалы, 2018-2019 жылдары және осы жылдың 9 айында 5123 адам оңтүстік облыстардан Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударды, бірақ 10 мыңға жуық адам осы облыстан өзге өңірге қоныс аударған. Қазақстанның Ресеймен шекаралас аумақта жатқан ауылдарда халық саны азайды, онда 20 жыл ішінде 300-ге жуық мектеп жабылып, бастауыш және орта мектептердегі оқушылар саны 8000-ға азайған. Мектеп ғимараттары аукционға қойылып, сатылып жатыр", – деді ол.

Жалпы, Қапбарова атап өткендей, соңғы 5 жылда 189 765 адам шетелге қоныс аударып, 70 933 этникалық қазақтар отанға оралған. Айырмашылық 118 832 адамды құрайды. Сенаторды Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетушілердің 43,8%-ы 15 пен 34 жас аралығындағы жастар құрайтындығы алаңдатады. Сенатордың айтуынша, елдің аумақтық тұтастығын сақтау үшін көші-қон процесін "Оңтүстік – Солтүстік" бағытында жалғастыру қажет. Алайда қоныстанушылар көптеген қиындыққа тап болады.

"Мемлекет тарапынан қоныс аударушыларға берілген көптеген тұрғын үй қазіргі заманғы өмір сүру деңгейіне және санитарлық стандарттарға сәйкес келмейді. Көшіп барғандардың сөзінше, кейбір үйлер апатты жағдайда екен. Кәсіпкерлік қызметпен айналысқысы келетін қоныс аударушыларды қолдау тетіктерін қайта қарау керек", – деді Айгүл Қапбарова.

Бұл мәселені шешу үшін сенатор халықты қоныстандырудың арнайы мемлекеттік немесе аймақтық бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Қазір халықты қоныстандыру процесі "Еңбек" бағдарламасының бір бөлігі ғана болып табылады және депутаттың айтуынша, ол қоныс аудару процесінде туындайтын міндеттер мен проблемалардың барлық спектрін қамтымайды, ал "Бастау Бизнес" бағдарламасы кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін, әсіресе қоныс аударушылар өнімді жұмыс істей алатын ауылшаруашылық және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мәселелерді жеткілікті түрде шеше алмайды.

Еске салсақ, палатаның жалпы отырысында сенаторлар ел президентіне жаңа өкілеттіктер беретін "Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы" заң жобасын қабылдады.

Оған қоса, парламент сенатының жалпы отырысында сенаторлар Жоғарғы Соттың судьясы қызметіне Сәкен Абдолла мен Мәдениет Омарбекованың кандидатураларын мақұлдаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887644-deputat-15-pen-34-zas-aralygyndagy-zastar-kazakstannan-ketip-zatyr/