RU

Тараздық тұрғын мессенджер арқылы қазақстандықтардың 4,5 млн теңгесін иемденіп алған

Телефон ұстаған әйел
Көрнекі фото: piqsels.com

Тараз қаласының тұрғыны мессенджер арқылы қазақстандықтардың 4,5 миллион теңгесін иемденген деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысының полиция департаментіне Тараз, Алматы, Қарағанды және Нұр-Сұлтан қалаларының 17 тұрғыны жүгінген.

Олар өз шағымдарында белгісіз әйелдің қосымшалардың бірі "Байлық секторы" және "777" топтарына өздерін қосқанын айтқан.

Полицияның мәліметінше, топтар қаржы пирамидасы түрінде құрылған. Қатысушыларға достары мен таныстарын тартқаны үшін қосымша бонустар беруге уәделескен.

Ал күдікті арызданушыларға салынған қаражатты 30-дан 60%-ға дейін арттыруға уәде берген.

Алғашқыда бірнеше адам пайызбен ақша алып, нәтижесінде бұл топтар үшін қосымша жарнама болған.

Кейін сенім білдірген азаматтардан жалпы сомасы 4,5 миллион теңгеден астам қаражат жинаған соң әйел адам телефон нөмірін өзгертіп тастаған.

Жамбылдық полицейлердің кәсіби іс-әрекеттерінің нәтижесінде алаяқтық жасады деген күдікпен Тараздың 50 жастағы тұрғынын ұстауға мүмкіндік болған.

Аталған дерекке қатысты қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті өз кінәсін мойындаған.

Полиция департаментінің қызметкерлері осы әйелдің алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен тұрғындар болса хабарласу қажеттігін ескертеді.

Айта кетейік, бұған дейін Атырауда сырқат баланы сылтауратып, жалған хабарландыру арқылы ақша жинаған алаяқ ұсталғанын хабарлаған едік.

Сонымен қатар аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алып беруге уәде еткен алаяқ әйел қолға түскен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887670-tarazdyk-trgyn-messendzer-arkyly-kazakstandyktardy-45-million-tegesin-iemdengen/