RU

Ақтөбеде шошқа фермасының жұмысына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Сот
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбеде шошқа фермасына қатысты тексеру жұмыстары аяқталды. Жер құнарлылығын бүлдірген, экологиялық талапты сақтамаған басшы қылмыстық жауапқа тартылады деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Ақтөбеде Бестамақ ауылының тұрғындары, экологтар мен мал дәрігерлері, облыс әкімдігінің өкілдерінен құралған комиссия алғашқы қорытындыны шығарды. Тексеру жұмысы 10 күнге созылды.

"Тексеру жұмысы 20 қараша күні басталып, 2 желтоқсан күні аяқталды. Тексеру қорытындысынан соң экология, жер қатынастары басқармалары хаттама толтырып, кәсіпкерді таныстырды.

Шошқа фермасының иесіне қатысты Қылмыстық кодекстің «Жерді бүлдіру» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр", - деді Ақтөбе облыстық прокурорының орынбасары Азамат Құстанов.

Ақтөбе облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарма өз тұжырымын жеткізді.

"13,8 гектар жердің топырақ құнары бүлінгені анықталды. Яғни 5,6 гектар жер қазылып, қатты және сұйық қалдық көмілген, қосымша дайындалған.

Байбақты өзенінің бойындағы шаруашылыққа арналған жерге құрылыс жұмыстары жүргізілген. Заңсыз карьер де анықталды. Сонымен бірге 8 шарырым жер қазылған. Кейбірінің екі 10 метр болады. Құжаттар жиналып, облыстық прокуратураға іс материалдары жіберілді. Залалсыздандыру жұмыстары үшін бір жылға жуық уақыт қажет болады", - деді Ақтөбе облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқармасы басшысы Абдухат Мырзалин.

Ал экологтар ол жерден 189 тонна қалдықтың қазылып алынғанын мәлімдеді.

"Тұрғындар арызы бойынша тексеру жүрді. Ол жерге тек ішек-қарын, өлексе емес, тұрмыстық қатты қалдық, құрылыс материалы да көмілген. Қалдықтың салмағы 189 тоннаны құрады. Келтірілген шығын көлемі 40 миллион теңгеден асады. Тағы бір анықталған жайт, шошқа фермасында 40 мың басты бағып, күтуге рұқсат етілген. Ал мұнда 50-52 мың шошқа өсірілген.

Бұл да құқықбұзушылық. Осы бағыттағы келтірілген шығын 119 миллион теңге деп есептелді. Қи сақтау және қалдық су төгу заңдылығы сақталмаған. Осы екі бағыттағы жұмысты тоқтатуды сұрап отырмыз. Қалдық судан сынама алынды. Шығын көлемі алдағы уақытта анықталады", - деді Ақтөбе облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Ғасыр Орынбасаров.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы Алға ауданының тұрғындары шошқа фермасындағы біраз кемшілікті атады.

Олар ішек-қарынды жою, өлексені залалсыздандыру жұмысы жүргізілмейтінін, көму кезінде біраз талаптың сақталмағанын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887736-aktbede-soska-fermasyny-zmysyna-katysty-kylmystyk-is-kozgaldy/