RU

Қызылордада 9 келіге жуық марихуана тасымалдаған азамат ұсталды

Полицей
Фото: polisia.kz

Қызылордада аса ірі мөлшерде есірткі тасымалдаған қала тұрғыны құрықталды деп хабарлайды Polisia.kz.

2020 жылдың 1 желтоқсанында патрульдік полиция қызметкерлері “Қызылорда-Павлодар” тас жолының 12-шақырымында жол ережесін бұзған жеңіл автокөлікті тоқтатқан. Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан жолаушыға тиесілі ерекше иісі бар шөп салынған полиэтилен пакет алынды.

Сараптама қорытындысы бойынша ерекше иісі бар зат салмағы тоғыз келіге жуық кептірілген марихуана екендігі анықталды. 30 жастағы Қызылорда қаласының тұрғыны Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, Атырауда сырқат баланы сылтауратып, жалған хабарландыру арқылы ақша жинаған алаяқ ұсталды.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтың айтуынша, күдікті Іnstagram-да церебралды сал ауруына шалдыққан үш жасар сәбиді емдеуге қаражат жинау туралы беріліп, кейін алынып тасталған хабарландыруды көрген.

"Өзінің арам ойын іске асыру үшін алдымен әлеуметтік желіде жеке парағын ашқан. Оған науқас баланың фотосуретін және өзінің банктік деректерін көрсетіп, көмек сұраған жазбасын жариялайды. Жалған хабарландыруды кездейсоқ көріп қалған баланың анасы полицияға арызданды", - дейді Қамза Үмбетқалиев.

Атырау қалалық полиция басқармасы №1 полиция бөлімінің қызметкерлері жалған хабарландыру авторын ұстаған. Ол Атырау қаласының 28 жастағы тұрғыны болып шықты.

"Ол 40 мың теңге қарызын өтеу үшін осылай әрекет етпек болған. 16-23 қарашада оның есепшотына сырқат балаға көмек қолын созған азаматтардан 37 мың теңге түскені анықталды. Сотқа дейінгі тергеу кезінде күдікті азаматша аталған қаржыны сырқат баланың анасына берді", - дейді департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Қазір аталмыш факті бойынша Қылмыстық Кодекстің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887742-kyzylordada-9-kelige-zuyk-marihuana-tasymaldagan-azamat-staldy/