RU

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасарына қатысты іс сотқа берілді

Нұрлан Таубаев
Фото: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары мен өңірдің құрылыс басқармасы басшысына қатысты қылмыстық істі тергеу жұмыстары аяқталғанын мәлімдеді. Қос шенеуніктің ісі сотқа берілген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның ақпарынша, мемлекеттік қызметкерлер бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы 185 млн теңге сомасында аса ірі көлемде пара алды деп күдіктеліп отыр.

Бұл қаржы оларға Құлсары қаласындағы 200 орындық жаңа аурухана кешенін пайдалануға қабылдау актісіне қол қоюға көмектескені, сондай-ақ жалпы қамқорлық танытқаны үшін берілген.

"3 желтоқсан күні қылмыстық іс Атырау облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотына берілді", - деді ведомствода.

Күдіктілерге қатысты соңғы шешімді сот қабылдайды.

Айта кетейік, қазан айының соңында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары жаңадан тағайындалған еді.

Бұған дейін мәжіліс аппаратының жетекшісі болған Серік Айдарбеков пара алды деген күдікпен қамауға алынған Нұрлан Таубаевтың орнына келген болатын.

Кейін Таубаев өзінің ұсталуына қатысты пікір білдірді. Оқиғаның барысы сипатталған хатты оның қорғаушысы Игорь Вранчев жария етті.

Шенеунік хатында өзін тұтқындауға келген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері не нәрсеге айыптап жатқанын түсіндірмегенін, тергеушінің үш рет ауысқанын айтады.

Сонымен қатар ол өзінің кәнісіз екенін дәлелдеу үшін бәрін салатынын, тіпті президентке дейін жүгінетінін атап өткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887843-atyrau-oblysy-kimini-birinsi-orynbasaryna-katysty-is-sotka-berildi/