RU

Тәжікстан Қазақстанда сотталған азаматтарын қабылдаудан бас тартты

Түрме
Көрнекі фото: almaty.tv

Тәжікстан билігі Қазақстанда теракт жасамақ болды деп сотталған 7 азаматын қабылдаудан бас тартты деп хабарлайды Орталық Азия жаңалықтар қызметі.

Былтыр Алматыда мамандандырылған ауданаралық сотта Косимжон Гиесов 18 жылға, Абдухалим Давлатов пен Неъматулло Неъматов 14 жылға, Парвиз Туйчиев, Султони Аминзода, Шарифали Сафаров пен Сафиюлло Косимов 12 жылға бас бостандығынан айырылған.

Олар террористік ұйымдардың құрамында болды, теракт жасамақ болды, жарылғыш заттар дайындады, қару сақтады деп айыпталған.

Тәжікстан бас прокуратурасы жазасын отанында өтеу үшін азаматтарын қабылдап алу туралы Қазақстан ұсынысын кері қайтарған. Қазақстанға өтінішті сотталғандардың туыстары түсірген.

Тәжікстан бас прокуратурасындағы дереккөздің айтуынша, Душанбе түрмелерінде болған бүліктен кейін өзге елде сотталған азаматтарын қабылдамау туралы шешім қабылдаған.

2018 жылы қарашада Хожент, 2019 жылы мамырда Вахдат абақтысында бүлік болып, 50 адам көз жұмған. Билік бұл бүлікті "Ислам мемлекеті" террористік ұйымына мүше болғаны үшін сотталған азаматтар ұйымдастырды деді.

Айта кетейік, ресми мәліметі бойынша, Қазақстанда 10 мыңға жуық тәжік мигранты бар.

Еске сала кетсек, Алматыда полицейлер героин сатумен айналысқан Тәжікстан азаматын ұстаған болатын.

Шетелдік кезекті дозасын сатып жатқанда қолға түскен. Тәртіп сақшыларының сөзінше, олар ірі дилермен байланысып, операцияны нақты жоспарлаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887848-tzikstan-kazakstanda-sottalgan-azamattaryn-kabyldaudan-bas-tartty/