RU

Коронавирусқа қарсы ресейлік вакцина Қарағандыда өндірілуі мүмкін

Тәжвирус вакцина
Көрнекі фото: Julian Stratenschulte/picture alliance via Getty Images

Қарағандыда фармацевтикалық кешен базасында коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаның өндірісі басталуы мүмкін деп хабарлады Sputnik Қазақстанға индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Мадияр Уақпаев.

"Олар Қарағандыдағы зауытты – Қарағанды ​​фармацевтикалық кешенін қарастырып жатыр. Басқа зауытта өндірілуі де мүмкін", - деп мәлімдеді Уақпаев.

Жұмада Қазақстанда ресейлік "Спутник V" вакцинасы 2020 жылдың 22 желтоқсанынан бастап өндірілетіні туралы хабарланды. Сондай-ақ, желтоқсан айында қазақстандық вакцинаны өндіру жоспарланып отыр.

"Қарағанды ​​фармацевтика кешені" ЖШС 2005 жылы пайдалануға берілді. Кәсіпорын қатерлі ісік, қант диабеті, ұмытшақтық және басқа да ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер шығарады.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирус індетіне қарсы отандық вакцинаның әзірлену барысы туралы баяндалды.

Премьер-министр президентке 29 қараша күні клиникалық сынақтардың 1 және 2-кезеңдерінің аяқталғаны туралы мәлімдеді. Асқар Маминнің айтуынша, вакцинаның кері әсері анықталған жоқ және оның жоғары тиімділігі тіркелді.

25 желтоқсаннан бастап клиникалық сынақтардың 3-кезеңінде аталған вакцина 3 мың еріктіге егіледі. Сынақтар толығымен 2021 жылы наурыздың соңына қарай аяқталады.   Сонымен қатар мемлекет басшысына осы жылдың соңына дейін 2 миллион мөлшер көлеміндегі отандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылатыны туралы ақпарат берілді.

Мемлекет басшысының Ресей президенті Владимир Путинмен жасаған келісіміне сәйкес, осы жылдың 22 желтоқсанынан бастап Қазақстанда ресейлік "Спутник V" вакцинасын өндіру қолға алынады.

2021 жылдан бастап тұрғындарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде тұрғындардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобы, яғни дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылымдардың қызметкерлері қамтылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887903-koronaviruska-karsy-resejlik-vakcina-karagandyda-ndirilui-mmkin/