RU

"GТА": Алматыда полициядан қашқан шетел көлігінің әрекеті елдің зәресін алды (видео)

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Жол ережесіне бағынбай полиция қызметкерлерінен қашқан шетел көлігі видеоға түсіп қалды. Бұл жағдайға қатысты тиісті мекеме пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көптің талқысына түскен ролик Instagram әлеуметтік желісіндегі kris_p_almaty тобында жарияланды.

Кадрдан Алматының қақ ортасында жол ережесін бұзған қызыл түсті шетел көлігінің тәртіп сақшыларынан қашқанын байқау қиын емес. Ол полиция қызметкерлерін біраз әбігерге түсірген. Тәртіпке ат үсті қараған жігіттің оңтүстік астананың көрікті жерлерінің бірі "Арбатта" ұсталғаны да видеода көрінеді.

Осы сәтті тамашалаған желі оқырмандары аталған жағдайдың кино түсірілімі мен компьютерлік ойындарға ұқсайтынын жеткізген.

"Боевик жанрында кино түсіріп жатқан сияқты", "GTA болды, есіме сол ойынның кейбір сәттері түсіп кетті", "Адамдар не болып барады", "Қазақстандық Форсаж", деді олар.

Пікір жазғандардың арасында алматылық полиция қызметкерлерінің ерлігін ерекше бағалап, алғыстарын айтқандар да табылды.

Полиция задержала угонщика авто
Фото: ДП Алматы

NUR.KZ порталының тілшісі аталған жағдайға қатысты Алматы қаласының полиция департаментіне хабарласып, түсініктеме беруін сұрады.

Белгілі болғандай, тәртіп сақшылары ұрланған көлікті қуған екен.

"Жүргізуші құқық қорғау қызметкерлерінің талаптарына құлақ асқан жоқ. Ол жасырынып қалуға тырысып, "Арбаттағы" жаяу жүргіншілер аймағына өтіп кетті.

Ұрланған шетелдік көлікті "Боран-080" экипажы ұстады. Қылмысқа барған ер адам қолға түсті. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар, қылмыскерді ұстау кезінде ешкімнің зардап шекпегені белгілі болды.

Ескерту! Видеода бәйедеп сөздер кездеседі!

Еске сала кетсек, осыған дейін Қарағандыда қонаққа шақырылған азамат үй иесінің ұялы телефонын ұрлап, автокөлігін заңсыз айдап әкеткенін хабарлаған едік.

Одан бөлек, Түркістан облысында күдікті мешітке ұрлыққа түсіп, қайырымдылық жәшіктерін тонап кеткен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887920-gta-almatyda-policiadan-kaskan-setel-kligini-reketi-eldi-zresin-aldy-video/