RU

Коронавирус тағы өршіді: Теңіз кенішіне бір топ дәрігер жіберілді

Дәрігерлер
Көрнекі фото: Dmitry Rogulin\TASS via Getty Images

COVID-19-бен ауырған науқастардың көбеюіне байланысты Теңіз кенішіне қосымша мамандар жіберу туралы шешім қабылданды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Атырау облысының коммуникациялар қызметінің мәліметінше, қараша айынан бері Теңіз кенішінде індетке шалдыққан 140 адам тіркелген, оның 71-і соңғы төрт күнде анықталған.

"Теңіз кенішінде 315 төсек-орындық инфекциялық стационарда он бес маман жұмыс істеп жатыр. Қазір мұнда 111 пациент емделуде. Аурухананың жүктемесі 35,2%-ті құрайды", - делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау басқармасы Теңізге тағы сегіз маман жіберу туралы шешім қабылдады. Олар: екі дәрігер, екі медбике және төрт санитар.

Бүгінде коронавирустың таралуына байланысты Атырау облысы "сары" аймаққа ауысты.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирус індетіне қарсы отандық вакцинаның әзірлену барысы туралы баяндалған еді.

Премьер-министр президентке 29 қараша күні клиникалық сынақтардың 1 және 2-кезеңдерінің аяқталғаны туралы мәлімдеді. Асқар Маминнің айтуынша, вакцинаның кері әсері анықталған жоқ және оның жоғары тиімділігі тіркелді.

25 желтоқсаннан бастап клиникалық сынақтардың 3-кезеңінде аталған вакцина 3 мың еріктіге егіледі. Сынақтар толығымен 2021 жылы наурыздың соңына қарай аяқталады.   Сонымен қатар мемлекет басшысына осы жылдың соңына дейін 2 миллион мөлшер көлеміндегі отандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылатыны туралы ақпарат берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887924-koronavirus-tagy-rsidi-teiz-kenisine-bir-top-driger-ziberildi/