RU

Балаларды жаппай вакцинациялау үшін мектепке қайтарады деген ақпарат рас па

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Желіде оқушыларды мектепке қайтару туралы хабарламалар кеңінен талқыланып жатыр. Ондағы мақсат – оқу процесін жақсарту емес, жаппай вакцинациялау және жыныстық сауаттылықты үйрету. Осы орайда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ел арасында тараған қауесетке қатысты пікір білдіріп, бұл ақпаратты жоққа шығарды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Тиісті мекеменің өкілі жыл соңына дейін дәстүрлі оқыту форматына толық көшу туралы мәселе елімізде қаралып жатпағанын жеткізді.

"Желтоқсанда эпидемиологиялық жағдайды қадағалайтын боламыз. Соған байланысты балаларды мектепке қайтару туралы мәселе көтеріледі. Әзірге ол қарастырылып жатқан жоқ. Өйткені кейбір аймақтарда жағдай күрделі. Қалай болғанда да, дәстүрлі оқуға оралу тек эпидемиологиялық ахуалға байланысты болмақ, – деді комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Фото
Скриншот: stopfake.kz

Айта кетейік, Қазақстанда оқушыларды жаппай мәжбүрлі вакцинациялау да жоспарланбаған. 2020 жылғы 7 шілдедегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске сәйкес, Қазақстан Республикасының кез келген азаматы "емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық екпелер жасауға хабардар етілген келісім беруге немесе бас тартуға" құқылы.

Сонымен қатар, еліміздің мектептерінде "жыныстық тәрбие" немесе "репродуктивті денсаулық" пәндері де жоқ. Білім және ғылым министрлігі оларды бағдарламаға енгізуді жоспарламаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887926-balalardy-zappaj-vakcinacialau-sin-mektepke-kajtarady-degen-akparat-ras-pa/